Білім

Петропавлда Омбы техникалық университетінің филиалы ашылды

 

Бүгінде шетелде білім алатын өңір студенті аз емес. Енді, жаңа оқу жылынан бастап ел шекарасынан аспай-ақ қашықтықтан оқуға болады. Бұл Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі мен Омбы мемлекеттік техникалық университетінің әріптесітігі арқасында жүзеге аспақ.

 

Александр Мерк, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:

– Студенттер біздің оқу кешенінің қабырғасында тәлім алады. Ол үшін арнайы компьютерлік сынып ашуды қолға алдық. Сабақтар ғаламтор арқылы онлайн тәртібінде өтеді. Қажетті электрондық оқулық, әдістемелермен толықтай қамтылады. Талапкер оқуға түсу емтиханын бізде тапсырады.

 

Осылайша, білім қуған жандардың алтын уақыты мен жол машақатын түпкілікті шешу көзделген. 70 жылдық тарихы бар Омбы ЖОО-ның еліміздің өзге қалаларында да филиалдары бар. Былтыр ғана 400-ден артық қазақстандық студент оқуға түсіпті. Талапкер талғамына сай 60 мамандықтың біреуін таңдай алады. Тіпті, өңірімізде баламасы жоқ 10 шақты мамандықтың қыр-сырын меңгеруге болады.

 

Александр Бухалко, Омбы мемлекеттік техникалық университеті проректорының көмекшісі, РФ:

– Техникалық мамандарды шығаруда екі жақтың әлеуеті барынша пайдаланылады. Қос ел де индустриялық даму жолына түсті. Бұл кәсіптерге сұраныс мол. Баламалы электр құрылғыларын құрастыру, нанотехнология, биотехнология сынды заманауи бағыттар бойынша мамандар даярлаймыз. Электроника, машина жасау, ақпараттық технологиялық білімді жетілдіру тұрғысында да бірлескен жобалар құруға болады.

 

Жоғары білікті маман атанамын деушілер 5 жыл тәлім алады. Оқудың жылдық құны 150 мың теңге шамасында.

 

Жеңіс Ермұқанов