Жыл сайын Солтүстік Орал таулы аймағында не бір мықты спортшылар жиылады. Олар Эверест, Макалу сияқты асқақ тауларды бағындырған альпинистер, желмен жарысқан желақтар мен балуан, боксшы, шаңғышылар мен тағысын тағылар. Майталмандардың арасында жерлесіміз Софья Султанова да бар. Зейнеткер 40 жылын кітапханашы қызметіне арнаса, жүгірумен 10 жыл айналысады. Бүгінге дейін 32 марафонға қатысып, үздіктердің қатарынан көрінген. Жасы 80-ге таяса да спортшы әжей сергек, әлі талай сынды бағындырары сөзсіз. Ол осынысымен жастарға үлгі көрсетуде. Сырым – спортта дейді София Султанова.
Софья Султанова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
-Дәстүрге айналған «Конжак» халықаралық тау марафоны биыл 18-ші рет өткізілді. Қауіп-қатерге толы жарысқа қатысуға адам көп жиылды. Франция, Швеция, Украина, Белорус сияқты шетелдерден 2 мыңға жуық спортшы келді.
Софья Султанова бұл марафонға 7 жыл қатарынан қатысып келеді. Жарыс талабы жеңіл емес, алдымен 17 шақырымды 4 сағаттың ішінде бақындыру керек. Егер уақты бұдан асып кетсе, додадан шығуға тура келеді. Ал, жерлесіміз бұл сынға төтеп беріп, межеге жетті. Одан әрі 4 шақырымын жалғастырып, таудан қайтадан жүгіріп түсу керек. Жаңбыр құйып, сазды жол қиындық тудырса да Софья Султанова қашықтықты толығымен жүгіріп өтті.
Софья Султанова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
-Мойнымдағы медальдардың барлығы – «Конжак» тау марофонынан ұтып алғандарым.Бұл марафонға мен 2005 жылдан бері қатысып келемін. Қауіп-қатері мен қиындығына қарамастан мен қуана-қуана қатысамын. Жастарға спортпен шұғылданып, дендерін шынықтырсын дер едім. Жаман әдеттерден аулақ болыңдар.
Жерлесіміз «Батылдығы үшін» аталымы бойынша сыйлық және дипломмен марапатталды. Және жарысқа қатысушының медалі табыс етілген. Енді Софья Султанова тамыз айында Омск қаласында өтетін кезекті марафонға баруды жоспарлап отыр.
Майгүл Қажжан