Қоғам

Халыққа қызмет көрсету орталығында арнайы компьютерлік бұрыш ашылды

 

 

Осы жылдың мамыр айынан бастап халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындар үшін арнайы компьютерлер орнатылыпты. Осылайша, жерлестеріміз бұл жерде интернет желісін тегін пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Бұл, әсіресе, үйінде компьютері жоқ немесе ғаламтор желісіне қосылмаған азаматтар үшін өте тиімді. Қазіргі таңда электрондық үкімет порталы арқылы қызметтің 195 түрі көрсетіледі.

 

Виталий Сосновский, СҚО бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы:

– «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы 7 жылда халықтың 80 пайызының компьютерлік сауаттылығын арттыру қажет. Ақпараттық технологияларды пайдалану дағдысын меңгеру – қазiргi өмiрдiң ажырамас бөлiгi болып тұр. Осыған орай біздің орталықта жаңа қызмет түрі енгізілді.

 

Орталықтың қызметіне жиі жүгінетін зейнеткерлердің бірі – Зинаида Иванчик. Ол бұл жаңашылдықтың арқасында 5 минуттың ішінде өзінің электрондық қолтаңбасына ие болып, мекенжай анықтамасын алды.

 

Зинаида Иванчик:

Менеджерлер қолдану әдісін жақсылап түсіндірді. Әйтпесе, біз сияқты қарт адамдар үшін ғаламтормен жұмыс істеу қиындық тудырады. Барлығы жылдам. Тамаша ұйымдастырылған.

 

Сонымен қатар, электрондық үкімет арқылы азаматтар балаларын балабақшаға кезекке қойып, тіркелген мекенжай бойынша анықтама ала алады. Ол үшін адамның тек сандық электрондық қолтаңбасы болуы керек. Жыл басынан бері бұл қызмет түрін 16 мыңнан астам солтүстікқазақстандық пайдаланған.

 

Біржан Қойшыбаев