Петропавлдағы “Океан” сауда үйінде тағы да от шықты. Тілсіз жау сауда сөрелері мен шатырына зақым келтірді. Өрт орын алған аумақ – 22 шаршы метр. Себептері әлі белгісіз. Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында «Фольксваген-Венто» автокөлігінің бензинсорғышын жөндеу кезінде электр сымдарының тұйықталуынан от тұтанды. Оның салдарынан 48 жастағы машина иесін күйік шалып, аудан орталығындағы ауруханаға жеткізілді. Петропавл қаласындағы Заводская көшесіндегі екі бөлмелі пәтерден де шыққан өрттің себебі осыған ұқсас. От тұтқынында қалған 20 адам қауіпсіз аумаққа шығарылды. Соның үшеуі – бала. Тағы бір төтенше жағдай Шал ақын ауданындағы Кривощеково ауылында тіркелді. Қора-қопсы жанып, ішіндегі мал-мүлік бірге өртеніп кетті. Себеп – оқшауланбаған сымның от шашуы.
Ал өткен аптада Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғындары найзағайдың салдарынан пайда болған өрттің куәгері болды. Ауыл азаматтары электр желілері арқылы өтіп бара жатқан найзағай шарын көрген. Сымдардың бірінде болған қысқа тұйықталудан үйдің кіре беріс бөлмесі мен шатыры жанып кетті. Абырой болғанда, тұрғындардың ешқайсысы жапа шеккен жоқ. ТЖД мамандары бұндай жағдайда электр жабдықтарын сөндіріп, суға жоламауға кеңес береді.
Біржан Қойшыбаев