Көлік және жолдар

Облыс әкімі Тайынша ауданында жол жөндеу барысымен танысты

Облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды қалпына келтіру барысы туралы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов есеп берді. Биыл күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 12,5 млрд. теңге бөлінген. Қаражаттың 6,9 млрд. теңгесіне өңір арқылы өтетін республикалық трассаларды жөнге келтіру жоспарланған. Жергілікті маңыздағы жолдардың ұзындығы 7,5 мың шақырымды құрайды. Бүгінде оның тек 30 пайызы көліктердің қатынауына жарамды деп танылған. Облыс әкімі мердігерлерден материалдардың сапасын сұрап білді. Атқарылған шаруаның қажетті талаптарға жауап беруін және бюджеттің толық көлемде орындалуын талап етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Біз жолдарды қалпында ұстап тұруға міндеттіміз. Осы күйінде қалдыра берсек кешікпей барынан айрыламыз. Көп бөлігі әбден тозған. Табыстың көп бөлігін трассаларды жөндеуге бағыттауға тырысамыз. Біз үшін мердігерлердің сеніп тапсырған іске аса жауапкершілікпен қарағандары аса маңызды. Ортақ ісімізді абыройлы атқаратын болсақ, үкіметтің қолдауы соғұрлым жақсы болады. Осындай кездесулерді жиі өткізетін боламыз.

 

Жеңіс Ермұқанов