Спорт

«Ақ бидай – 2013»

 

 

Байрақты бәсекеге 19 спорт түрінен бағын сынауға мың жарымнан астам спортшы жиылды. 13 ауданның үмітін үкілеп келіп отырған азаматтарды өңір жетекшісі Самат Ескендіров “Ақбидай” ойындарының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Спортшылар 3 күн бойы бақ пен бап таластырады. Сайыстың бас төрешісі Амангелді Дайыровтың айтуынша, президенттік көпсайыс бойынша жарыс жеңімпаздары белгілі. Енді, қалған сайыстарда мықтылар анықталмақ.

Талғат Қатаев Есіл ауданынан келіпті. 5 жыл қатарынан қол күрестен қатысып жүрген ол осы ойындарда жеңіс тұғырынан көрінуге дәмелі.

Қызылжарлық Таңсық Әбілов спартакиадада қашықтыққа жүгірмек. Жыл сайынғы “Ақ бидай” ойындарында азаматтарымыз аудан атын абыроймен қорғап жүр. Мен де биыл намысты қолдан бермеймін дейді.

Міне, жеңістен үміткер аудан құрамалары сап түзеп, салтанатты түрде алаңға бет алды. Көздерінде жеңіске деген ұшқын байқалатын қыз-жігіттерден ертеңгі еліміздің намысын байрақты бәсекелерде қорғайтын спортшылар шықпақ. Солардың бірі – Айдар Қазов. М. Жұмабаев ауданының азаматы шілденің басында Бішкекте ауыр атлетикадан өткен Азия чемпионатында ел қоржынына қола медаль салған.

 

Айдар Қазов, ауыр атлетикадан Азия чемпионатының қола жүлдегері:

-Мен 12 жасымнан ауыр атлетикамен айналысамын. Бішкекте өткен чемпионатқа барып келдім. Жақсы өтті. Мықты деген споршылар қатысты. 3-ші орынға қол жеткіздім. Қазір спортқа көп көңіл бөлінеді. Міне, осы “Ақ бидай” ойындарының өзі жастардың танылуына зор мүмкіндік береді.

 

Бұл жолы 33-ші “Ақ бидайдың” алауын жеңіл атлетикадан спорт шебері Павел Тебеньков жақты. Байрақты бәсеке тамаша басталды. Ұйымдастырушылардың спорт мерекесіне тыңғылықты дайындалғандары көрініп тұр.

 

Еркін Базарханов, Тимирязев ауданының әкімі:

– Ойындардың тиісті дәрежеде өтуіне барлық жағдай жасалды. Стадион күрделі жөндеуден өтіп, арнайы шоу-бағдарлама әзірленді. Аудан құрамалары жақсы нәтиже көрсетеді деген ойдамыз.

 

Бас жүлдеге облыс әкімінің сыйлығы – “Газель” автокөлігі тігіліп отыр. “Ақ бидай” ойындары ауылдық жерлерде спорт түрлерін дамытып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға септеседі. Спартакиаданың ашылу салтанатында облысымыздың шығармашылық ұжымдары өз өнерін көрсетті. Спорттық мерекеде қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары – “AII Давай” тобы да ән салды.

 

Мағжан Ахмадина