Без категории

Елімізде индустриалды-инновациялық дамудың жаңа тұжырымдамасы жасалуда

 

 

 

Елбасы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі индустриалдық-инновациялық дамуының жаңа концепциясын құруды тапсырған болатын. Бұл шаруаны Президент қарашаның біріне дейін тындыруды міндеттеді. Осы орайда арнайы жұмыс тобы құрылған. Үкімет басшысының орынбасары Әсет Исекешев бүгін жаңа тұжырымдаманың жобасымен таныстырды. Ол 3 кезеңде жүзеге аспақ. Алдымен үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы сараланады. Жаңа концепция осының негізінде құрылмақ. Бұл ретте шетелдіктердің тәжірибесі де назарға алынады. Жаңа жоба бірнеше саланы қамтитын болады. Алайда, мұнай-газ өнеркәсібі енбейді. Бағдарлама аясында кадр мәселесі де жан-жақты қаралмақ. Үкімет басшысы облыс әкімдеріне белсенділік танытуды тапсырды.

Селекторлық байланыс үзілген соң өңір жетекшісі Самат Ескендіров жаңадан құрылған облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Александр Иванищевке бірқатар тапсырма жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Ұйымдастыру жұмыстарымен айналысыңыздар. Бүгінде жүзеге асып жатқан индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы да көлеңкеде қалмауы тиіс. Туындаған мәселе – кей жобалардың 50 пайыз қуаттылығына енбеуі. Оларды назарда ұстаған жөн.

 

Сондай-ақ, аймақ басшысы агроөнеркәсіп саласына көп көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Осы жылы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алудың 2-кезеңі басталады. Өйткені, бұл үрдіс 10 жыл бұрын жүзеге асқан. Бесжылдықты өңірдегі ауыл шаруашылығына қажетті өнімді шығаруға бағыттаған жөн.

 

Самат Ескендіров тиісті ведомстволар басшыларына кәсіптік бастамаларды қолдау шеңберінде жұмысты жақсартуды міндеттеді.

 

Айдана Демесінова