Ауырмаудың жолын тауып, халықтың саулығын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – спортқа ден қою. Бүгінде қазақстандықтардың 21,6 пайызы спортпен айналысады. Бұл – 3 млн. артық азаматтың күнделікті ұстанымы. Әсіресе, жас ұрпақты бұқаралық спортқа баулудың маңызы ерекше. Бүгінде еліміздегі 418 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 265 мың балғын шеберлігін шыңдауда. Олардың игілігіне қалауына сай 2 мыңға тарта үйірме жұмыс жасайды. Селекторлық кеңесте осы бағытта өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыс әкімдері баяндады. Солтүстікқазақстандықтардың 4/1 спортпен шұғылданады. Бұл жерлестеріміздің 24 пайызын құрайды. Өңір республика бойынша 4-ші орында.
Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
– Спорттың 60 түрі дамытылуда. 26 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат, 3 спорт клубы, 2 жоғары спорттық шеберлік мектебі, олимпиадалық үміткерлерді даярлау орталығы жұмыс істейді. Әр ауданда дене шынықтыру клубтары құрылды. Қазір оларда 6 мың жасөспірім тәрбиеленуде. Жалпы, өңірде 2 мың 285 спорт нысаны бар. 80 пайызы ауылдық аймақтарда. Оның 3/1 үсті жабық нысандарда орналасқан. Жылдың 4 мезгілінде де спортпен шұғылдануға арналған.
Бірақ, мәселелер де жоқ емес. Елдегі 7 мың мектептің 5,5 мыңында ғана спорт залы бар. Оның өзі сын көтермейді. Жабдықтары қажеттілігінің тек 40 пайызы толық. Дене шынықтыру сабақтары 2 сағатқа дейін қысқартылыпты. Спорттық нысандар жетіспейді. Маман тапшылығы да байқалады.
Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
– Облыс орталығында жеке инвестицияға салынған заманауи спорттық сауықтыру кешені іске қосылды. Жалпы аумағы 8600 шаршы метрді құрайды. Бассейн және жаттығу залымен жабдықталған. Аудандарда 30 стадион қалпына келтірілді. Бұл салада 1500 адам еңбек етуде. Сонымен қатар, өңір кәсіпорындарында спорттан 157 нұсқаушы-әдіскер жұмыс істейді. Мамандар толық.
Әнұранымызды әуелетіп, көк байрағымызды желбіретіп жүрген спорт майталмандары көпке үлгі. Қазақстандықтықтардың Лондонда өткен олимпиада ойындарында 7 бірдей алтын алқа еншілегені баршаға мәлім. Жыл басынан ғана әлемдік, азиялық және халықаралық деңгейдегі додалардан Ұлттық құрама қоржыны мыңға тарта медальмен майланыпты. Бұған жерлес спортшылардың да қосқан үлесі аз емес.
Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
– Республика құрамалары сапына облысымыздың 295 өкілі кіреді. Лондонда өткен олимпиада ойындарында алғашқы алтынды жерлесіміз Александр Винокуров сыйлады. 4 әлем чемпионымыз бар. 10 спортшымыз Азия біріншілігінде топ жарды. Сочи қаласы қарсы алатын қысқы олимпиадада 5 солтүстікқазақстандық ел намысын қорғайды.
Үкімет спорт ғимараттары құрылысының 70 пайызын қаржыландыруға дайын. Қалғанын жергілікті әкімшілік өздері тындыруы керек. СҚО мүмкіндікті алғашқылардың бірі болып пайдаланып қалмақшы.
Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
– Елбасы жүктеген тапсырманы толықтай жүзеге асыру үшін бізге қосымша аумағы 28 мың шаршы метр болатын спорттық нысан тұрғызу керек. Үкімет ұсынып отырған бағдарламаға өңірімізді енгізуге өтініш жазған болатынбыз. Осының арқасында бұқаралық спортпен аз қамтылған үш ауданда сауықтыру кешендерін салуды жоспарлап отырмыз.
Премьер-Министр бағдарламаны жүзеге асыруда облыс жетекшілеріне алдымен жер әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, Серік Ахметов жаңа оқу жылынан дене тәрбиесі сабағы аптасына 2 сағаттан үшеуге дейін көбейтілсін деді.
Жеңіс Ермұқанов