Спорт

Асық атудан жарыс

 

Қазақстан Конституциясы көшесіне немересін ерте шыққан Көгершін Шұңғылшина балалық шағыма саяхат жасағандай болдым дейді. Орталық алаңда асық атып тұрған бір топ адамды көріп ойынға қызыға кірісіп кетті. Талпынысы кезіндегі шеберлігінің қашпағанын көрсетті.

 

Көгершін Шұңғылшина, қала тұрғыны:

-Жас кезімізде жиі ойнайтынбыз. Асықты шелектеп жинап жүрдік. Әсіресе, ер балаларға пайдалы мергендікке үйретеді.

 

Ойынның ерекшелігі – ол еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін қызықты. Бұған сайыс алаңынан жай өтпей, асық ата кеткен жерлестеріміз көз жеткізді. Әрине, заман ағымына сай боулинг ойынына жақынырақ азаматтар көне ойын тартысында ұпай жинаймын деп біраз қиналды. Ұлттық дәстүрді қайта жандандыруға өңіріміздің белсенді жастары мұрындық болыпты. Асық – қазақ халқында қадірлі сүйектің бірі. Бабаларымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысқандықтан ұлттық ойындарының көбі асықпен байланысты болып келген. Ең бастысы, асық атудың тәрбиелік маңызы зор.

Асық иіру тегіс жазық жерде ойналады. Мақсат – көп асықты ұтып алу. Қатысушылардан байыптылық, ұстамдылықпен қоса өте ептілік қасиеттерді талап етеді. Бұны жақсы дәстүрге айналдырып алған адам өзін-өзі басқара білуге машықтанады. Жолы болған жанға айтылатын “асығың алшасынан түсті” деген теңеу осыдан шықса керек.

 

Жеңіс Ермұқанов