Энергетика

«СК РЭК» энергия үнемдеу жобаларын жүзеге асыруда

Орта есеппен коммуналдық кәсіпорындар ұсынатын қызметтердің 20 пайызы далаға кетеді екен. Еуропа елдерінде мұндай шығындар небары 5 пайыздан аспайтын көрінеді. Өңір энергетиктері тоқ көзін үнемдеу мақсатында 2011 жылы пилоттық жобаны қолға алыпты. Сынаққа Жұмысшы кентіндегі 206 жеке және заңды тұлғаның меншігі тартылған. Тәжірибедегі нүктелер электр энергиясын есептеудің автоматты жүйесіне қосылған. Жоба құны 9 млн теңгеден астам. Нәтижесінде нормативті шығын 6 есеге азайып, қуаттылық 16 пайызға артқан.

 

Елена Ононенко, “СҚ ЭТК” АҚ есептеуіш құрылғыларды пайдалану қызметінің бастығы:

-Еуропалық жаңғырту және даму банкінен 9 млн АҚШ долларының несиесін алдық. Бұл қаржы 2013-15 жылдар аралығында электр энергиясын есептеудің автоматты жүйесін ендіруге жұмсалады. Шығынның орнын толтырып қызмет сапасын арттыру үшін энергия, ресурс үнемдеу бағдарламасын қолға алдық. Бүгінде кешенді жоба аясында жұмыс жасап жатырмыз.

 

Өстіп алдағы үш жылда пайдаланған қызметті нақты санайтын құрылғыны 10266 нысанға орнату жоспарланып отыр. Жарық үлестіретін сымдар оқшауланған үлгілеріне алмастырылады. Бұл желіге жанамалай қосылып, тоқ көзін ұрлайтын тапқырлардың заңсыз әрекетіне тосқауыл болады дейді мамандар. Үш деңгейлі дифференциалдық тарифтің мүмкіндігін қолданатын тұтынушылар нақты пайдаланған энергия құнын ғана өтейді. Жұмсаған жарықтың көрсеткіші бірден кәсіпорынның орталық диспетчерлік қызметіне келіп түседі.

 

Денис Скобликов, “СҚ ЭТК” АҚ есептеуіш құрылғыларды пайдалану қызметінің инженері:

-Мобилді терминал және модемнің көмегімен бар ақпаратты біле аламыз. Байланыс арнасы бар есептегіш құрылғыларының көрсеткішін бізге жібереді. Сондай-ақ, жаңа жүйе шыққан ақауды бірден анықтайды. Бұл істен шыққан жерін дереу жөндеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет үзілмейді.

 

Жыл соңына дейін жүйеге тағы 2148 нүкте қосылады. Бұл мақсатқа инвестициялық бағдарлама аясында 205 млн теңге қарастырылған.

 

Жеңіс Ермұқанов