Аптадағы маңызды жаңалықтар

Экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісімен алғашқы сәбилер дүниеге келді

 

Қалада экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы өткен жылы ашылған болатын. Сол кезден жасанды жолмен бала сүйгісі келетін 186 әйел тіркеуге алыныпты. Сөйтіп, алғашқы қолдан ұрықтандыру оң нәтижесін беріп, егіз сәби дүние есігін ашты. Ақ халаттылар жаңа туған шараналардың жағдайы өте жақсы, қазіргі уақытта үйіне жіберілді дейді. Бұл – тек әке-шешенің ғана емес, сонымен қатар, дәрігерлердің де қуанышы болса керек.  Облыста репродукция орталығын ашу мен оны жарақтандыруға 140 млн теңге жұмсалған екен. Мұндағы мамандардың біліктілігі мен заманауи озық құрылғылардың мүмкіндігі мол. Ақ халаттылар шілде-тамыз айларында жасанды жолмен ұрықтандырылған тағы 9 әйелді босандырамыз деп отыр.

 

Олжас Қабижанов, СҚО денсаулық сақтау басқармасының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы:

– Репродукция бөлімшесі жоспарға сай жұмыс істеуде. Экстракорпоралды жолмен ұрықтандыру үшін біздің дәрігерлердің көмегіне тек облысымыздың ғана емес, көрші өңірлердің де азаматтары жүгінуде. Бұл – қуантарлық жағдай.

 

Орталық жұмысын бастағалы бері дәрігерлер экстракорпоралды ұрықтандырудың 45 бағдарламасын сынап көрген. Соның, 24 пайызы ғана оң нәтиже  берген. Алдағы 2 ай ішінде дәрігерлер тағы 11 әйелді қолдан ұрықтандырмақ екен.

 

Бану Ахметова