Без категории

Жаңа тарихи дүниетаным қалыптастыру

Барлық ғылымдардың атасы атанған тарих – әр мемлекеттің түп қазығы саналады. Өткеніне арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр. Еліміз егемендігін жарияламайынша ұлттық тарихымызды ұлықтау жағы кенже қалып келгені шындық. Екі он жылдық бойы тәуелсіздік оты маздап жанған шақта ақтаңдақ беттерді ашудың кезі жетті. Елбасының тапсырмасы бойынша “Тарих толқынындағы халық” деген атпен арнайы зерттеу бағдарламасы құрылмақ. Асыл мұраны жандандыру тұрғысында алқалы жиында баяндама жасағандар қадау-қадау ой айтып, пайымды пікір білдірді. Заман талабына сай тарих ғылымының алдына жаңа талаптар қойылып отыр. Ол қайта сыни қаралып, сан қырынан зерттелуі керек. Мақсат – ұлттық тарихтың біртұтас бейнесін пайымдап, көкжиегін кеңейту. Қазақтың қалыптасуы – бір ғана мыңжылдықтарды қамтитын үдеріс емес. Оның негізін біреулер Түркі қағанатынан , ал енді біреулері Ақ Орда мен Сақ дәуірінен іздеп келеді.

 

Сабыр Ыбраев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих және құқық факультетінің деканы:

-Жалпы Қазақстанның тарихы 2 мың жылдықты құрайды. Бүгінгі мақсатымыз – қазақтардың Еуразияның ең байырғы халықтарының бірі екенін ғылыми тұрғыда бүкіл әлемге жария ету.Жаңа тұжырымдама бүкіл әлемдік тарих пен ұлттық үрдістердің өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуі тиіс. Кезінде Сақ патшасы Атилланың қолбасшылығына алпауыт Рим империясы тізе бүккен. Көшпенді халықтың тарихы тым ежелде жатыр, қазіргі заман талабына сай тың әдіс-тәсілдер арқылы зерттеп, оны тиісінше жүйелеп алуымыз керек.

 

Қазақстанның тарих ғылымының алдында нақты сынақ тұр. Әрбір ғасыр келесі дәуірдің сипатын табиғи түрде айқындайтынын нақты дәйектермен дәлелдеу керек. Сонда ғана оқиғалар мен үдерістер бір-бірімен байланысып, өзара сабақтастық орнатылады. Тарих беттерінде түрлі шайқастар жиі бейнеленеді. Алайда, қарапайым шаруаның тұрмысы, өзге елдермен мәдени-саяси, саудалық байланысы ұмыт қалған. Тарихи жер атаулары да мүлдем өзгеріп қалған.

 

Нұрболат Әбуов, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих және әлеуметтік-гуманитарлық кафедрасының меңгерушісі:

-Дала мәдениетінің салтын ұстанған көшпенді халық қоршаған ортамен үндестікте болғаны белгілі. Қыстау мен жайлау арасындағы жерлерге тән атау беріп отырған. Бұл олардың жол бағдарлайтын картасы іспеттес болды деп айтуға болады. Бірақ бүгінде ежелгі атаулар ауыстырылып, жойылып кетті.

 

Шежіресі бай бабаларымыз том-том оқулыққа арқау болар аманат қалдырды. Басқосуда сапалы оқулық даярлау ісі де назарсыз қалмады. Откеннен сыр шертетін кітаптар өзінің әдістемелік және тілдік құралын өзгертуі тиіс. Егер ондағы дерек қате болса, жас буын адасушылыққа ұрынады. Сөйтіп, өзінің түп тамырынан ажырайды. Жаңа дереккөздер оқырмандардың тарихқа деген қызығушылығын қалып-тастыруға себепші болады. Жиында облыстық әкімдік жанынан ұлттық тарихты зерттейтін қоғамдық кеңес құрылсын деп шешілді

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Оның құрамына басқарма жетекшілері, СҚМУ ғалымдары, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіруі керек. Сондай-ақ өлкетану жұмысын жетілдіре түскен жөн.

 

Ұлтымыздың жаңа тарихи дүниетанымы қалыптасқанда ғана өзіміздің одан әрі өсіп-өркендеуімізге даңғыл жол саламыз. Өткенімізді көздің қарашығындай сақтап, қастерлеу – әрбір азаматтың бойтұмарына айналуы тиіс. Елбасы осылай дейді.

 

Жеңіс Ермұқанов