Билік

Өткен жарты жылда бюджеттің орындалуы

 

Алдымен өңір жетекшісі жиылғандарды жаңадан құрылған кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқаратын азаматпен таныстырды. Бұл қызметке Бауыржан Қайыржанов тағайындалды. 1977 жылдың тумасы Көкшетау гуманитарлық-экономикалық университетін, Дінмұхамед Қонаев атындағы гуманитарлық институтты тәмамдаған. Еңбек жолын ҚР мемлекеттік кіріс министрлігінің салық полициясы органдарынан бастапты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-2000 жылдан 2013 жылға дейін түрлі коммерциялық құрылымдарда қызмет атқарған. 2013 жылдан осы уақытқа дейін Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылдық округінің әкімі болды.

 

Ал Дулат Ідірісов СҚО тексеру комиссиясының төрағасы болып тағайындалды.

Осыдан кейін аймақтағы бюджеттің игерілуі бойынша жарты жылдың қорытындысы талқыланды.

Жыл басынан облыстық бюджетке ақша жоспардағыдан асып түскен екен. Бұл көрсеткіш 115 пайызды құраған. Алайда, кей аудандарда бұл іс ойдағыдай атқарылмапты.

 

Қайрат Жолмұхамбетов, СҚО салық департаментінің басшысы:

-6 ай ішінде бюджеттің кіріс бөлігі бойынша келесі аудандар жоспарды орындамады. Тайынша – 85 пайыз, 5 млн теңгеге төмендеген, Тимирязев – 87 пайыз, Уәлиханов  – 91, Жамбыл  – 94, Айыртау – 97, Ақжар – 97 пайызға орындады.

 

Мұнда жалақы мәселесі де қозғалды. Осы ретте облыс әкімі Самат Ескендіров ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына тапсырма жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне жалақыны көтеру бойынша жұмыс жасаңыз. Мемлекеттік қолдаулардың мүмкіндіктерін қарастырып көріңіз. 46 мың теңге орташа айлық жалақы тым аз.

 

Ал өңірдегі бюджеттің шығыс бөлігі 6 айдың ішінде 96,3% орындалыпты. 2 млрд жуық қаржы игерілмей қалған. Кызылжар, М.Жумабаева, Мамлют, Тимирязев, Есіл және Айыртау аудандарында осы бағытта атқарылған шаруалар көңіл көншітпейді. Кей басқармаларда бұл іс ақсап тұрған көрінеді. Әсіресе, құрылыс басқармасындағы жағдай сын көтермейді. Жоспардағы жұмыстың 48,8 пайызы ғана орындалған екен. Сондықтан аймақ басшысы мұндай мәселе туындамас үшін әр басқарма басшысының қаржы саласы бойынша орынбасары болуы тиіс екенін айтты. Осы орайда өңір жетекшісі Владимир Балахонцевке тапсырма берді

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Құрылыс басқармасының жаңа басшысы қаржы саласы бойынша орынбасарын тағайындасын. Ол 2-ші орынбасарының орнына жұмыс істейтін болады. Қаржы немесе экономика басқармасының үздік маманын тарту қажет.

 

Жалпы өзге басқармаларда да бұл жұмыс бәсең жүргізілген. Бұл жағдайды өңір жетекшісі сынға алды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жоспардың 96,3 пайызы орындалыпты. Бұл тым нашар көрсеткіш. Кадрлар мәселесін әлі шешпепсіңдер. Алайда өткен жиындарда бұл проблеманы көтерген болатынбыз. Нәтиже қайда? Орынбасарларыма бюджеттің игерілу барысын қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

 

Самат Ескендіров облыстық тексеру комиссиясының төрағасына бақылау жұмыстарын жүргізуде үлкен жауапкершілік танытуын міндеттеп, өзге мекеме өкілдеріне олқылықтардың алдын алуды тапсырды.

 

Айдана Демесінова