Ауыл шаруашылығы

Өңірде мал азығын әзірлеу жұмыстары қыза түсті

 

Жергілікті мал басын асылдандыруды қолға алған “Петерфельд-Агро” серіктестігінде бүгінде шетелдік зеңгі баба төлдерінің басы 1 600-ге жетіпті. Симменталдардың қыстап шығуына қажет мал азығы 2 мың Га жерге себілген.

 

Петр Корубенский,”Петерфельд-Агро” ЖШС меңгерушісі:

– 450 Га аумаққа жүгері септік. Қалған жерге арпа, пішен, сұлының дәндерін сіңірдік. Жем-шөпті дәруменді макро, микро қосындылармен араластырамыз. Сүрленген құрама жем әзірлейміз. Бұл – малдың дұрыс өсіліп жетілуінің алғышарты болып табылады.

 

Алқаптардағы негізгі мал азығы піскенше серіктестік шөп жинау ісін тындыруда. Қарамағындағы ірі қараға биыл кемінде шөптің ғана 3 мың тоннасы қажет. Сондықтан  өңіріміздегі ірі шаруашылық биыл 650 Га жерге көпжылдық, ал мың гектарға біржылдық шөп егіпті. Жеткілікті ылғал түскен шабындықтың гектар берекелігі 2 тоннадан асып жығылған.

 

Петр Корубенский, “Петерфельд-Агро” ЖШС меңгерушісі:

– Ауа райы тылсым мінез танытпаса шабынға шыққан 14 арнайы техника шаруаны үш аптаның ішінде аяқтайды деп көздеп отырмыз. Қазір заманауи комбайндар мен орақ агрегаттары, шөп түктегіш техникалар жұмыс үстінде. Биылғы шөптің шығымы жақсы, өте қалың, сөлді.

 

Бүгінде шабуға арналған шөптің 30 пайызы құлатылған. Басылған көк кебісімен Германиядан жеткізілген  “КРОН” арнайы техникасы жинастыруда. Заманауи агрегат күніне әрбірі 3,5 центнерлік 200 орама жасап үлгереді. Бұл – шамамен 60 тонна.

 

Дәурен Тілеубаев, механизатор:

– Ескі комбайндармен жинайтынбыз. Мына техника өте жылдам, автоматтандырылған. Өзі есептеп шығарады. Өте ыңғайлы.

 

Жалпы, қызылжарлық ауыл еңбеккерлері аудандағы төлдерге жетерліктей 12 мың Га алқапқа мал азығын сепкен екен. Бүгінде 25 пайызы маяланып қойылыпты

 

Өмірбай Омаров, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

– Облыс әкімі Самат Ескендіров Сенаттағы баяндамасында өңірдегі мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға тоқталды. Біздің Қызылжар ауданында биыл мал басы 10 пайызға ұлғайтылып, 40 500 басқа жетті. Сондықтан, шөпті де 10 пайызға артық дайындаймыз. Жоспар 66 мың болса, біз 80 мың тонна әзірлемекпіз.

 

Жеңіс Ермұқанов