Билік

Облыстық тәртіптік кеңес отырысы

 

 

Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында алдымен Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Мырзабек Гаджиев тарапынан жіберілген заңбұзушылық қаралды. Аудандық прокурордың аға көмекшісі мәлімдегендей, ол лауазымды қызметте бола тұра жеке кәсіпкерлікпен айналысады екен. Заңда бұған қатаң тыйым салынған.

 Жарқын Белгібаев, Мамлют аудандық прокурорының аға көмекшісі:
– Мырзабек Гаджиев 2007 жылдан мемлекеттік қызметке енді. Сөйте тұра фермерлік шаруашылығының ісін тоқтатпады. Бұған оның атынан өтеліп жүрген салық төлемдері дәлел.  

Өз кезегінде лауазымды қызметте отырған Гаджиев мырза жеке істі сенімді басқаруға тапсыру керектігін білмедім деп ақталды.

 Мырзабек Гаджиев, Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:
– Мен мемлекеттік қызметке енісімен жеке ісімді жүргізу құқығын әйеліме тапсырдым, бірақ салық декларациясын толтыру менің атымнан жүргізілді. Маған Мамлют ауданы әкімінің құқық бойынша кеңесшісі осылай жасауға болады деп кеңес берді.  

Кеңес мүшелері аудан әкімінің орынбасарын қызметінен босатуды ұсынды. Шешім бірауыздан қолдау тапты. Тайынша ауданына қарасты Яснополянское ауылдық округінің ветеринары да қызмет бабын асыра пайдаланған. Сергей Кульчицкий арнайы бордақалау орнында сойылмаған малға жалған құжат жазып беріпті.

Сергей Кульчицкий, Тайынша аудандық Яснополянское ауылдық округінің ветеринар дәрігері:
-Биылғы жаз өте ыстық болды. Бордақалау орны аудан орталығында орналасқан. Тоңазытқыштар да сол жерде. Тайыншаға дейін 40 шақырым. Малды сойған азамат етті бұндай ыстықта жеткізе алмаймын деп айтты.  

Мал дәрігері өстіп жәрдемдеспекші болғанын түсіндіріп бақты. Қалай дегенде де заңға қайшы әрекет жасалды. Санитарлық талап ескерілмеді. Аяғы жұмыстан кетуімен тынды.
 Жиында Қызылжар ауданының әкімі Виктор Рединге де осындай қатаң жаза қолдану ұсынылды. Өткен жылы аудан жетекшісі мемлекет есебіндегі жер телімін байқау жарияламай, жеке кәсіпкердің уақытша пайдалануына беріпті. Осының арқасында серіктестік 1 жыл бойы жерге  заңсыз иелік еткен. Жиында қаралған өзге де 4 мәселе бойынша тиісті шешім шығарылды.

Жеңіс Ермұқанов