Билік

Бірқатар басқармаларда басшылар ауысты

 

Жиында облыс әкімі Самат Ескендіров бірқатар ведомстволардың жаңадан тағайындалған басшыларымен таныстырды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын алдағы уақытта Серікбай Тұрәлінов басқармақ. Ол Целиноград ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын механик-бақылаушы қызметінен бастапты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-1987 жылдан 1996 жылға дейін Айыртау ауданындағы «Қаратал» совхозының директоры болған. Кейін осы аудандағы «Лавровка» өндірістік кооперативінің қызметшісі, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2011 жылдан Уәлиханов ауданының басшысы лауазымында болды.

 

Саят Әшімов алдағы уақытта СҚО құрылыс басқармасы басшысының қызметін атқарады. Бұған дейін Жамбыл ауданын басқарып келген. Ал, облыстық ішкі саясат басқармасының тізгіні енді Салауат Мұқсымовтың қолында болмақ. Ол Алматыдағы «Қайнар» университетінде, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясында білім алыпты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Еңбек жолын 2001 жылдан Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің азаматтық және еңбек құқығы, аграрлық және экологиялық құқық кафедраларының оқытушысы болып бастады. 2005 жылдан осы кезге дейін ҚР Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі болды.

 

Рүстем Елубаев өңіріміздегі жаңадан құрылған мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарады. Осыған дейін ол Аққайың ауданының әкімі болған. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бұрынғы басшысы Тотықамал Құлжанова СҚО балалар құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы қызметіне тағайындалды. Сондай-ақ, облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы да ауысты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Мұратбек Зейнуллин СҚО дін істері жөніндегі басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол 1961 жылы туған. Новосібір жоғары әскери саяси училищесін аяқтады. ҚР Қарулы күштерінде түрлі қызмет атқарған.

 

Ал, Амантай Сейфуллин жаңадан құрылған облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқармақ.

 

Айдана Демесінова