Аптадағы маңызды жаңалықтар

Республикалық көпкүндік веложарыс аяқталды

 

Бүгін сайыскерлер үшін басты сын. Көпкүндік тартысты тұйықтайтын критериум кезеңінен соң нағыз мықтылар анықталады. Бұған дейін Қостанай, Павлодар, Омбы қалаларынан келген  және жергілікті велошабандоздар 4 кезеңнің 500-ге тарта шақырымын бағындырып, ұпай еселеді.

 

Владимир Парахин, велоспорттан олимпиадалық қордағы балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:

– Жарыс Александр Винокуровтың кіндік қаны тамған жері Бескөл ауылының жарыс жолынан басталды. Ондағы 105 шақырымдық қашықтықтың үздік үштігі біздің мектептің түлектерінен құрылды. Соколов, Омбы трассаларында да жергілікті құрама тізгінді ешкімге берген жоқ. Алайда ұпай айырмасы үлкен емес, сондықтан критериумде жеңімпаздың тағдыры шешіледі.

 

Қала көшелерін бойлаған қорытынды сында да көш басшы жейдесін жерлесіміз Владислав Горбунов киіп шықты. Дәстүрге сай ол әзірге ең жылдам велошабандоз ретінде жарысты алғы шепте бастады.  Өзге өңірлер мен көрші Ресей елінен келген бәсекелестердің аяқ алысы жаман емес. Барлығы 40 сайыскер бақтары мен баптарын сынауда. Шетінен кілең спорт шеберлері. Бұл ең жылдам саналатын кезеңге одан бетер қарқын қоса түскендей. Бәрі бірдей ұтамын деп белді бекем буып жеңістен дәмелі. Сондықтан әрқайсысысы алға ұмтылып, ақырғы мүмкіндіктерін пайдаланып қалуға асық. Ол үшін желмен жарысып, 36 шақырымды бірінші болып артта тастау керек. Бұл жолы да солтүстікқазақстандықтардың айы оңынан туып, 26 айналымның қорытындысы бойынша Кирилл Пролуменков мәре сызығын бірінші болып кесті.

 

Кирилл Пролуменков, критериум кезеңінің жеңімпазы, СҚО:

– Өте жылдам әрі қызықты кезең болды. Екінші айналымда суырылып алға шықтым. Жарыстың соңына дейін топ бастап ізімді басқандарды жеткізбеуге барымды салдым. Ендігі мақсатым ел біріншілігін 5-ші мәрте ұтып, Ұлттық құрама сапына мықтап беку.

 

Жалпы көпкүндіктің қорытындысы бойынша жеке сында петропавлдық Владислав Горбунов үздік атанды.

 

Владислав Горбунов, жарыс жеңімпазы, СҚО:

-Алғашқы екі сынға аса ден қою керек. Бірінші кезеңде мен қарсыластарымнан 7 шақырымға дейін ұзап кеттім. Келесі топтық жарыста да дәл сондай нәтиже көрсеттім. Қалған қашықтықтарда көшбасшылығымды сақтап, бір деммен аяқтадым. Қазір Еуропа және әлем біріншілігіне дайындаламын.

 

Жеңімпаздарды облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады. Өңір жетекшісі олимпиадалық ойын бағдарламасына енетін спорт түріне деген жастардың құлшынысы жыл санап арта түскенін тілге тиек етті. Соңғы 5 жылда ел деңгейіндегі жарыстардың тізгінін өлкеміздің спортшылары ешкімге ұстатпай келеді. Ұлттық құрама сапының 80 пайызы СҚО түлеткен велошабандоздардан жасақталған.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Облысымызға Александр Николаевич Винокуров кәсіпқой “Астана” велоқұрамасының бас менеджерімен келіп отыр. Біз қазір келіссөздер жүргізіп, өңірімізде кәсіпқой құрама құруды көздеп отырмыз. Бұл облысымыздың белді велоспортшыларын шыңдап әлемдік деңгейге көтеруге септеседі. Сондай-ақ кәсіби маман даярлайтын орынға айналады.

 

Өзінің жүлдесі тағайындалған жарыстың үздіктерін жерлесіміз, Лондонда өткен велоспорттан олимпиада ойындарының чемпионы Александр Винокуров та құттықтады.

 

Александр Винокуров, Олимпиада ойындарының чемпионы:

-СҚО кәсіпқой велоклубын құру табылған ақыл. Өңірімізде Әлемдік, Азиялық, өзгеде халықаралық жарыс жеңімпаздары жетерлік. Сондықтан таңдау жөнінен мүмкіндік мол. Ал алдағы уақытта салынатын спорт кешені облыста салауатты өмір салтын дамытудың таптырмас жолы. Оның қалануына мен де өз үлесімді қосамын. Қазір демеушілерді тартып жатырмыз.

 

Өңір жетекшісі даңқты жерлесімізді алғыс хатпен марапаттады. Оның ізін басқан облыстағы 300-ге тарта жас велошабандозды бастаған Владимир Парахинге “ҚР еңбегі сіңген бапкері” кеуде белгісін табыс етті. Бірқатар үздік сайыскерге халықаралық және ҚР спорт шебері атағы берілді. Белгілі спортшының өнеріне табынушы жастар арасында пір тұтар ағаларының жолын қайталаймын дейтіндері баршылық. Атағы әлемге жайылған Александр Винокуровтың қолынан үздіктер жүлде алды.

Жалпыкомандалық есепте бас жүлдені алаң иелері жеңіп алды. Екінші орын Павлодар құрамасының еншісінде кетті. Үздік үштікті Қостанай қаласының велошабандоздары тұйықтады.

 

Жеңіс Ермұқанов