Спорт

Жерлесіміз Бахтияр Қожатаев велоспорттан ел чемпионатында топ жарды

 

Жарыс маусымның 20-23-і аралығында Талдықорған қаласында өтті. Дүбірлі додаға еліміздің барлық облыстарынан 100-ге жуық спортшы қатысты. Бұл сында өңір намысын қорғауға 20-дан астам шабандоз қатысқан болатын. 50 шақырымдық  қашықтықты жерлес велошабандоз алғашқы болып бағындырды.

 

Бахтияр Қожатаев, ҚР велосипед спорты бойынша спорт шебері:

Мен критериум кезеңінде 1-ші болып мәреге жеттім. Жалпы бұл еліміздегі маңызды жарыстардың бірі. Қарсыластарым мықты болды. Дегенмен намысқа тырысып, жеңіске жеттім.

 

Бахтияр бұл спортпен 11 жыл айналысып келеді. Осы уақытқа дейін жетістіктері жаман емес. Айта кету керек, спортшы былтыр «Тур де Әзірбайжан» турнирінде үшінші нәтиже көрсетіп, таулы кезеңнің дарасы атанған. Канадада өткен әлем кубогінде де қоладан алқа таққан жерлес велошабандоз, шілде және тамыз айларында өтетін маңызды жарыстарға дайындалуда.

 

Бахтияр Қожатаев, ҚР велосипед спорты бойынша спорт шебері:

Тамыз айында Францияда әлем кубогі өтеді. Соған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Кейін әлем чемпионатына жолдама алып, онда жақсы нәтиже көрсеткім келеді.

 

Биыл Бахтияр Астана континентал командасына мүше атанған. Әзірше атақты жерлес велошабандоздарымыздың ізін сәтті жалғастыруда.

 

Владимир Парахин, велоспорттан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

Астана континенталь командасына кірген беттен бастап, өзінің мықты екендігін дәлелдеуде. Құрамадағы мамандармен жұмыс жасап, жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүр.

 

Алдағы уақытта облыс орталығында Александр Винокуровтың құрметіне велоклуб салу жоспарлануда. Осындай нысан өңірімізде ашылса, бұл жеткіншектердің осы спорт түрімен шұғылдануына зор серпін бермек.

Мағжан Ахмадина