ТКШ

150-ге жуық солтүстікқазақстандық осы жылы қоныс тойын тойламақ

 

Уәлиханов және Шухов көшелерінің қиылысындағы көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың қыркүйегінде басталған болатын. Бүгінде оның 90 тұрғыны қоныстой уақытын күтуде. Оған «Қазақстан тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» акционерлік қоғамының «Қол жетімді баспана» бағдарламасы мүмкіндік беріп отыр. Облыс орталығында одан бөлек тағы бірнеше баспананың құрылысы жүргізілуде.

Бүгінде «Қол жетімді баспана» бағдарламасының тиімділігі артып келеді. Өйткені ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан несиенің пайыздық үстеме ақысы төмендей түскен. Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда биыл баспана алуға өтініш бергендер саны 140 пайызға артса, несие беру 6,5 есе өскен. Юбилейный көшесіндегі 126 пәтерлі үйдің салымшылары несиелерін толығымен алса, Интернационал 4 мекенжайындағыларға несие беру жұмыстары шілде айында аяқталмақ.

Бүгінде облыс орталығында үш үйдің құрылысы жүргізілуде. Жоспар бойынша олардың екеуі жыл соңына дейін тапсырылмақ. Аудандарда да «Жас отбасы» бағдарламасы шеңберінде үйлер тұрғызылуда. Жалпы алғанда қазіргі күні салымшылар базасына тіркелгендердің 430-ы несие алуға қажетті  соманы жинапты. Яғни олардың барлығының бапсаналы болуға құқығы бар деген сөз.

 

Самат Есмағи