Қоғам

Үйлестіру кеңесінің отырысы

Отырыс басында, ең алдымен, үйлестіру кеңесінің құрамы бекітілді. Қатарға жаңадан қосылған азаматтар – экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Нұрлан Шабдар мен ҚР бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасының бастығы Жанар Ілияс. Бұдан кейін, сәулет-құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар айтылды. Ағымдағы жылдың қазан айында қалалық құрылыс бөлімінің бастығы қылмыстық жауапқа тартылған болатын. Өйткені, ол Заречный қыстағында құны 45 млн теңгелік жылу жолы құрылысының аяқталғаны жайындағы актіге қол қойған. Іс жүзінде, жұмыс толық атқарылмапты.

Арман Нұртазин, СҚО прокуратура басқармасының бастығы:

 

– Өңірде құрылысқа қатысты мұндай олқылықтардың кездесуі азаматтардың конституциялық құқығына нұқсан келтіреді. Қолайсыз жағдайлар тұрғындар тарапынан келіспеушіліктерді тудырады.

Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Игорь Киселев жағдайды құрылыс барысын қадағалайтын мамандардың жетіспеушілігімен түсіндірді.

Игорь Киселев, СҚО құрылыс басқармасының бастығы:

– Құрылыс басқармасында кадрлар санын көбейту мақсатында техникалық бөлім құру үшін құжаттар тапсырылды. Әйтпесе, 17 адамға құрылыс барысын қадағалау қиын.

Облыс прокуроры Степан Зайтлер бұл мәселені жуық арада тездетіп шешу керектігін айтты. Сондай-ақ, отырыс барысында азаматтарды қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес және құқық қорғау органдарының өзара әрекет етуі сөз болды. Барлық мәселелер бойынша қажетті шешімдер қабылданды.

Данаш Хамзина