Ауа райы

Петропавл әкімі журналистерді құттықтады

 

Облыс орталығындағы қайнаған өмірдің кескін-келбетін еш боямасыз, ашық та әділ бере алар БАҚ өкілдері қалалық әкімдікте жиналды. Қоғаммен ілесіп, ақпараттан бұрын жүретін қаламды қауым бұл жолы кезекті жаңалық іздеп келген жоқ. Кәсіби мерекелері қарсаңында шаһар басшысының құттықтауын қабылдау үшін бастары қосылды. Қала басшысы Төлеген Закариянов Үкімет саясатын сауатты көрсете алар таңдаулы ақпарат құралдарының өкілдерін алғыс хатпен марапаттады. Еңбегі еленгендердің қатарында арнамыздың тілшісі Ирина Панфилова да бар.

 

Ирина Панфилова, МТРА тілшісі:

– Бұл маған ғана емес, бар ұжымымызға берілген марапат. Өйткені жылдам әрі нақты ақпарат таратуда жұмыла еңбек етеміз. Жаңалықты эфирге дайындауда жүргізушіден бастап оператор, монтажер мен редакторлар бір адамдай үндесе жұмыс жасайды.

 

Журналистердің бірқатарына бағалы сыйлықтар тарту етілді. Бүгінде өңір тынысымен біте қайнасып жүрген 12 БАҚ бар. Республикалық баспа және телеарналардың 25 меншікті тілшілер пункті құрылған.

 

Жеңіс Ермұқанов