Без категории

Мағжан Жұмабаев туралы фильмнің тұсаукесері

 

Ақынның аты, ғалымның хаты өлмейді. Сондай тұлғалардың бірі – жерлесіміз Мағжан Жұмабаев. Ол 20-шы ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік, жарық жұлдыздар қатарынан орын алған. Ғұмыры қамшының сабындай қысқа болса да артына өшпес із қалдырды. Есімі ғасыр бойы тұмшаланып келсе де, тәуелсіздік алған күннен аты қайта жарқ етті. Рухына тағзым етушілер тұлғаның 120 жылдығына арнап тұңғыш рет “Мағжан” атты көркем және деректі фильм түсірді. Мағжан туралы тың туындыда оның 4 жас деңгейі суреттеледі. Балалық шағын Едіге Абдрахманов, жасөспірім кезеңін Мейіржан Бейсембеков ойнаған. Ал қамауға алынғанға дейінгі шағын Дарын Қалиев сомдапты.  Ал ақиық ақынның абақтыға тоғытылып, ондағы көрген қорлығы мен зорлық-зомбылығын сомдау Дулыға Ақмолдаға бұйырыпты фильмде. Оның киноларға түсіп жүргеніне 10 жылдан асқан. Алайда Мағжанның рөлін ойнау мен үшін оңай болған жоқ дейді дарынды актер.  Туындыда қайғы-қасыретпен қатар махаббатқа да айрықша орын берілген.Тар қапаста жатқан шақта ақынға қажыр-қайрат берген де осы күш, яғни оның екінші жары Зулейхаға деген сүйіспеншілігі. Тума талант түрмеде жатса да қаламы мен қойын дәптерінен ажыраған емес. Сол кезеңдерде де талай өлеңді қағаз бетіне түсіреді. 55 минуттық көркем және деректі фильмде Мағжанның бар ғұмыры көрініс тапқан. Қойылым барысында көрермендер, сол бір қиын-қыстау кезеңді өз бастарынан өткергендей болды. Себебі онда компьютерлік кескіндеме кеңінен пайдаланылыпты. Ол отандық кино саласында тұңғыш қолданылуда. Өңір басшысы Самат Ескендіров ұлы тұлғаны тұңғыш рет экранда сөйлеткені үшін “Тұран фильм” шығармашылық ұжымының еңбектеріне сәттілік тілеп, алғыс хат табыс етті. Көрермендердің де тың туындыдан алған әсерлері мол.

 

Самат Есмағи