Облысымыздың мәдени саласында айшықты оқиға. Қазақ әдебиетінің классигі, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі жайында тұңғыш рет көркем және деректі фильм түсіріліп отыр. Тың туындыда алаш ұлының өмірі көрініс табады.
Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:
-Мағжан Жұмабаевты терең зерттеу еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен басталды. Соның арқасында ол туралы тұңғыш рет көркем және деректі фильм түсіріліп отыр. Мағжан тек біздің өңірдің ғана емес, барша қазақ халқының мақтанышы. Оның өмір жолын экранға шығаруға мұрындық болған түсіру тобына алғыс білдіремін.
Мағжан Жұмабаев туралы тың туынды оның туған жері мен облыс орталығында болған жерлерінде 1 жыл бойына түсірілген. Сонымен қатар мұрағаттық хроникалар пайдаланылыпты.
Марат Қоңыров, қоюшы-режиссер:
-Алғашында деректі фильм ғана түсіреміз деп ойлағанбыз. Мағжанның өмірін зерттей келе оны деректі фильммен аша алмайтынымызды түсініп, көркем және деректі етіп шығардық. Себебі тұлғаның өмірі қамшының сабындай қысқа болса да, айшықты кезеңдері көп. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Мағжан Жұмабаев әлі күнге түбегейлі зерттеліп болмаған. Ғұмыры қысқа болса да елінің ертеңі үшін қыруар іс тындырды. Бірақ сол кездегі солақай саясаттың құрығынан құтылмай азап шекті. Оны экранда сомдау оңай болған жоқ дейді Мағжанның рөлін ойнаған актерлер. Мағжан ұлтшыл емес. Ол әдебиетті, мәдениетті достықты сүйген адам. Ондай жан болмаса орыс халқының ақын-жазушыларының туындыларын қазақша сөйлетпеген болар еді дейді ақынның немере жиені Шайзада Бекішева. Ұлты ұлықтаған Мағжан Жұмабаев туралы алғашқы көркем және деректі фильм көрермендеріне жол тартты. Оның бағасын ақынның жерлестері тұсаукесерден соң бере жатар. Алғашқы көрсетілім Алматыда өтіпті, оны халық ыстық ықыласпен қабылдады дейді түсірілімге қатысқан топ мүшелері.
Самат Есмағи