Билік

Облыстық мәслихат сессиясы

 

 

Күн тәртібіне ең алдымен 2011 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау мәселесі шығарылды. Нақтыланатын сома – 1 млрд. 378 мн теңге. Бұл республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер мен несиелер. Қосымша трансферт Мамлютка қаласында 300 орынға шақталған мектеп құрылысына бағытталып отыр. Бұл – 200 млн. теңге. Ал Айыртау ауданы Лобаново ауылында сумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіруді аяқтауға 50 млн. теңге бөлінген.

Аида Балабаева, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:
-Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамытуға – 550,7 млн. теңге, жолдарды жөндеуге – 111,7 млн. теңге, жылжымалы медициналық кешен сатып алуға – 73 млн., «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы шеңберінде салынатын үйлерге берілген несиелерді мерзімінен бұрын өтеу үшін  1 088 млн.теңге бөлінді.

Үстіміздегі жылы 1 млрд. 32 млн. теңге үнемделген. Нәтижесінде республикалық қазынадан бөлінген бұл трансферттер қысқартылған. Сондай-ақ бюджеттік қаржыны тиімді игеру мақсатында облыс қазынасының кірісі мен шығысын қайта бөлу жүргізілуде. Депутаттар бюджетке енгізілген бұл өзгерістерді мақұлдады. Сонымен қатар тілдерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша   2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын да бекітті. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсаты қойылып отыр. Қазақ тілін оқытатын орталықтардың желісін құру көзделген. Тілдік орта қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттырудың да маңызы айырықша. Бұл іс -шаралар жоспарын жүзеге асыруға 29 млн. теңге бөлінді.

Айымгүл Әбілева