Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлер форумы



 

 

Бүгінде “Бүкіләлемдік банктің” рейтингі бойынша Қазақстан 185 елдің арасында 49 орынға тұрақтаған. Даму қарқынымыз бірыңғай экономикалық кеңістік құрған Кедендік одақтағы әріптестерімізден де біршама саты ілгері. ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында Астанада бірінші болып өтетін халықаралық EXPO инновациялық көрмесі де республиканың алған бағыты дұрыс екенін көрсетеді. Бұның бәрі мемлекеттегі  тың бағдарламаларды дұрыс үйлестірудің жемісі дейді жиынды ашқан облыс әкімі Серік Біләлов

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ұлттық инновация жүйесі , даму институттары құрылып, инновациялық қызметін қолдау бойынша бірқатар шаралар кешені енгізілді. Әсіресе жас кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарлама шеңберінде түрлі қолдау көрсетіліп отыр. Бізде де осы бағытта бірталай жұмыстар атқарылуда.

Биыл өңірімізде 43 млрд теңгенің 30 жобасы қолға алынған. Өлке іскерлеріне төмен пайыздық үстемеақымен 67 млрд теңгенің несиесі берілген. Былтырғыдан 3,5 есеге инвестиция артық құйылды. Қомақты демеудің арқасында өндіріс ошақтары 100 млрд теңгенің өнімін шығарып, өсім 101 пайызға жеткен. Тауар айналымы 1,5 есеге көбейді.

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:
– “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында ғана 930 млн теңге бөлінді. 128 кәсіпкердің бастамасы қолдау тапты. Осының арқасында жаңадан 1100 жұмыс орны ашылды. Кейбірі рәсімдеген несиенің жылдық үстеме ақысы 1-ақ пайызды құрайды. Бұл қолдаудың енді бір артықшылығы мемлекет жобаның 70 пайызына дейін кепілдік береді.  

Әлемдік нарыққа енуде Елбасы  кешенді түрде халықаралық талаптарға жауап беретін кәсіпорындардың қатарын арттыруға басымдық беріп отыр. Бәсеке болған жерде санмен қатар сапаның да артатынын бизнесмендер жақсы түсінеді. Сондықтан істерін дөңгелетемін деген тапқырларды негізінен қызықтыратыны да осы – тиімді несие алу.

Бақытжан Сәркеев, ҚР Сауда және экономикалық даму министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары:
СҚО кәсіпкерлік деңгейін алып қарайтын болсақ, бүгінгі таңда белсенді деп айтуға болады. 1 жылдың ішінде СҚО «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Былтырғы рейтингте СҚО соңғы орындардың бірін алып отырса, биыл жобаның саны бойынша ең үлгілі үздік 5-ке кірді.

Кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары
Бақытжан Сәркеев астықты өлке агроқұрылымдарының жұмысына оң бағасын берді. Ауыр машина жасау саласының жақсы дамығандығын, бірақ отандық алпауыт компаниялардан түсетін тапсырыс жоқтың қасы екенін сөз етті. Өңіріміздің өзге де пайдаға асыратын тұстарынан кенже қалғанын айтып кеңес берді.

Бақытжан Сәркеев, ҚР Сауда және экономикалық даму министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары:
СҚО кәсіпкерлікке қабілетті адамдарды тарту үшін әлі жұмыс жасау керек. Әсіресе шекаралас аймақтарды дамыту, оның аясында неше түрлі қонақ үйлер, балалар мен үлкендердің демалатын орындарын, бизнес орталықтарын ашу. СҚО арқылы темір жол, тас жол өтеді. Халықаралық коридорды барынша пайдаланып, көлік логистикалық жолдар ашуға болады.

Бүгінде өңірімізде 100 мыңға тарта адамды тұрақты табыс көзімен қамтыған 22 мыңнан артық бизнес субъектісі тіркеліпті. Іс ашамын дегендерге сапалы кеңес беріліп тұрады. Жаңа жылдан әр ауданда кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылады деп көзделген. Ауыл-село халқын мемлекеттік бағдарламалардан құлағдар ететін жылжымалы пункттер құрылмақ. Форумда 5 аталым бойынша жылдың үздік кәсіпкерлерінің есімдері анықталды. Ең табыстылары облыс әкімінің марапатына ие болды.

Жеңіс Ермұқанов