Билік

Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту үшін арнайы қаржы институтын құру керек

 

 

Мемлекеттен үлкен қолдау көріп отырған екінші деңгейлі банктер ауылшаруашылығына әлі күнге дейін қырын қарап келеді. Өйткені банктерден берілетін несиелердің 3 пайызы ғана ауылшаруашылығының үлесінде. Оның өзінде 95 пайызы ірі және орта заңды тұлғаларға беріледі. Сонда тек 4 пайызы ғана шаруа қожалықтарына беріледі.

 

Нұрлан Нығматуллин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

 – Екінші деңгейлі банктер әлі күнге дейін ауылшаруашылығына тиісті деңгейде несие беріп жатқан жоқ. Бұл саланы қазір тек

мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы ғана көтеріп отыр. Инвестиция мүлдем  тартылып жатқан жоқ.

 

Енді осы жағдайды түзеу үшін ауылшаруашылық банкін құру керек дейді, Мәжіліс депутаттары. Парламенттік тыңдауда сөз болған тағы бір мәселе ет экспорты. Елбасы тапсырмасы бойынша 2016 жылы ет өнімінің экспорттық әлеуетін 60 мың тоннаға дейін жеткізу керек. Егер қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алар болсақ, бұл межеге де жетуге болады.

 

Нұрлан Нығматуллин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

-Елбасымыз айтқандай қазір дүние жүзінде азық-түлік өнімдеріне байланысты үлкен бетбұрыс болайын деп жатыр. Осы кезеңде біз бүкіл әлем алдында сапалы азық-түлік мәселесін шеше алатын негізгі мемлекет екенімізді көрсетуіміз керек. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар.

 

Бірақ қазір ет өнімін арттыру үшін мал басын көбейтуге арналған Агроөнеркәсіп кешендері жеткіліксіз. Оның үстіне елде бар барлық мал басының 80 пайызы үй шаруашылығындағы жеке қолдарда. Мұндай жағдайда қорасында малы бар тұрғындарға көмектесейік дейді, депутаттар. Солтүстік өңірде де ауылшаруашылығын жандандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл жөнінде тыңдауға қатысқан облыс әкімі Самат Ескендіров баяндама жасады.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Ірі қара малдың генетикалық потенциалын арттыру мақсатында малдың 6300 басына, 18 асыл тұқымды репродуктор құрылды. Өнімділігін арттыру мақсатында 4 мал бордақылау алаңы тұрғызылды. Сондай-ақ, 2 жылдың ішінде «Сыбаға» бағдарламасы аясында 10 мыңнан астам төлдейтін мал сатып алынды. Жыл соңына дейін 1300 басқа шақталған племрупродуторлар құру жоспарда бар. Фермерлік шаруашылықтарға 3400 ірі қара мал басын алу да жоспарланған. Жалпы 5 жыл ішінде жобаны іске асыру мақсатында 10 мың басқа бордақылау алаңы мен шаруашылықтар, репродукторлар және фермерлік қожалықтар құру көзделген.

 

Алайда мал шаруашылығы саласында келелі мәселелер баршылық.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Шаруашылықтар негізінен өсімдік өнімдерін шығарады. Мал шаруашылығын дамыта отырып, біз тек жем-азық потенциалын арттырып қана қоймай, халықты жұмыспен қамтамасыз етеміз. Шаруа қожалықтарын бұл жұмыстарға тарту үшін жер заңнамасына белгілікті нормаларды еңгізу керек. Бұл талаптар негізінде жер шаруашылығымен айналысып жүргендерді өнеркәсіп негізінде малмен айналысуға міндеттеген жөн. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығын дамыту үшін бөлінген субсидиялар тек малмен ғана айналысып жүрген шаруашылықтарға ғана берілуі тиіс. Зоотехник, агроном, инженер сынды мамандардың жеткіліксіздігі проблемасын шешу үшін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына аталған мамандықтарды енгізу қажет.

Мал шаруашылығы саласының алатын орны зор. Сондықтан асыл тұқымды малдарды сатып алуды әлеуметтік корпорация арқылы жүзеге асырдық. Бұл себептен шаруашылықтарға 754 млн теңге 5 жылға 4 пайыздық үстемеақы көлемімен несие ресурстары негізінде, 2 жылға жеңілдікпен ақша берілді.Сондай-ақ, жарғылық міндетті Солтүстік әлеуметтік корпорациясының капиталын толықтыру мақсатында облыс бюджеті тарапынан 320 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 6300 импорттық ірі қара мал басы әкелінді. «Ірі қара малдың ет экспорттық потенциалын дамыту» жобасын іске асыру мақсатында бұл тәжірибені еліміздің өзге аймақтарында да қолдануға болады.

 

Парламенттік тыңдау бойынша біраз ұсыныстар айтылды. Ол бойынша елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар бағдарламалық құжаттар қабылданатын болады.

 

Материалды  «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшілері әзірледі