Спорт

Көркем гимнастикадан ел құрамасы Азия чемпионатынан олжалы оралды

Ташкентте өткен Азия чемпионатында әлемнің 10 мемлекеті бақ сынады. Қазақстанмен қатар Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония, Өзбекстан сынды елдердің спортшылары барша әлемге өз өнерлерін көрсетті. Ұлттық құрамаға солтүстікқазақстандық Викторияның алынғанына аз уақыт өтсе де, бойжеткен топпен өнер көрсетіп, елімізге қола жүлдені сыйлады.

 

Виктория Переверзева, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Құрамадағы қыздармен тез тіл табыстым. Алғашқысында топпен жаттығуларды орындау оңайға соққан жоқ. Бірақ уақыт өте келе барлық қиындықтарды жеңдік. Ал, Азия чемпионатында біз жақсы өнер көрсеттік. Дегенмен үшінші орыннан көрінеміз деп ойламадық. Өйткені қарсыластарымыз осал болмады.

 

Виктория әжесінің қалауымен көркем гимнастикаға ден қойған екен. Сол кезден бастап бұл спортқа деген қызығушылығы оянып, көп белестерді бағындырыпты. Нәтижесі де жаман емес. Облысымыздың 5 дүркін чемпионы. Жақында «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атанды. Болашағынан көп үміт күттіретін жерлесіміздің арманы да асқақ.

 

Виктория Переверзева, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Басында мен жеке бағдарламамен өнер көрсетіп жүрген болатынмын, ал Чемпионатта топпен жұмыс істеуге үйрендім. Ең алдымен елімнің намысын қорғағаныма қуаныштымын. Болашақта Санкт- Петербургтегі медицина және спорт институтына түспек ойым бар.

 

Викторияның бапкері Мария Небывайлова спорттың осы саласында 30 жылға жуық қызмет етіп келеді. Ал, Викториямен жұмыс істегеніне 10 жылдың жүзі болыпты.

 

Мария Небывайлова, гимнастикадан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінң жаттықтырушысы:

Виктория маған келгенде не бары 6 жаста болатын. Сол кезден ол көркем гимнастиканың жаттығуларын мінсіз орындай бастады. Кейіннен жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. Спорттың бұл түрі жанына жақын болғандықтан шығар осындай жетістіктерге жеткендігі.

 

Спортшының жоспары ауқымды. Алдымен шілде айында Санкт-Петербургте өтетін чемпионатқа қатыспақ. Одан кейін, шілдеде әлем чимпионатында бағын сынайды.

 

Айымгүл Әбілева