Білім

Петропавлда «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырудағы қиындықтар

 

Айта-айта жауыр болған балабақша тапшылығы әлі де тым өзекті. Бүгінде облыс орталығында 8 мыңнан артық бүлдіршін кезекте тұр. Күрмеулі мәселенің түйінін босату үшін Үкімет “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыруда. 2020 жылға дейін ұзартылған Ұлттық жоба аясында былтыр қаламызда бірқатар бөбекжай берілген. Жағдайды оңалтудың енді бір жолы жеке меншікке өтіп кеткен бұрынғы балабақша ғимараттарын мемлекеттің қарамағына қайтарып алу.

 

Шолпан Қаринова, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Қазір қаламызда ондай балабақшаның саны 10. Алайда тек біреуі ғана санитарлық талаптарға жауап береді. Мамандар өзгелерін қайта балабақшаға жабдықтау үшін қажетті жағдайлардың жоқтығын айтады. Көбінің дәл іргесінде спирттік ішімдік сатылатын сауда орындары орналасқан. Бірқатарының балалар алаңқайын тұрғызатын арнайы жер телімі жоқ.

 

Қазір онда қоныстанған мекемелерге басқа ғимарат беру жағы да үлкен бір мәселе тудырып отыр. Өйткені Петропавлда бос нысандар жоқтың қасы. Жыл санап өңірдегі демографиялық жағдай жақсарып, туу көрсеткіші өсіп келеді. Сондықтан халық қалаулылары бағдарламаның орындалуын жіті қадағалау керектігін айтады. Сондай-ақ отырыста облыс орталығының қысқа әзірлігі талқыланды. Бүгінде жылыту маусымына дайындық қыза түскен.

 

Руслан Омаров, Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а.:

-“Петропавл Жылу Желілері” серіктестігі биыл жөндеу жұмыстарына 1 млрд. 137 млн теңге бағыттады. Оның 360 млн. теңгесі жылу желілерін жаңартуға жұмсалуда. Бүгінде шаруа басталып кетті.

 

Әзірге қауырт маусымға дайындық жоспарға сай жүріп жатыр.

 

Жеңіс Ермұқанов