Білім

Петропавл әскери институтының биылғы түлектері арасында шетелдіктер де бар

 

Әскери институт 16 жылдың ішінде 2 300-ге жуық офицерлерді тәрбиеледі. Ал биыл  234 жас маман еліміздің түкпір-түкпіріне қызмет етуге аттанбақ. Қуаныш Айтқожинов Шығыс Қазақстан облысынан келген. Ол 4 жыл бойы әскери тактикаға үйреніп, институтты үздік деген бағамен тәмамдады. Жас офицердің кеудесіне «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісі тағылды.

 

Қуаныш Айтқожинов, ҚР ІІМ Әскери институтының түлегі:

Мен әскери борышымды 2009 жылдан бастап өтеп келемін.Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданынан келіп, 2009 жылы осы әскери институтқа түстім. Барлық офицер ұстаздарыма алғысымды білдіремін.

 

Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысынан Қуаныштың ата – анасы да келген.

 

Қалипа Қарашалова, Қуаныштың анасы:

Баламыздың мұндай оқу орнын аяқтап отырғанына өте қуаныштымыз. Барлық офицер ұстаздарға алғысымызды білдіреміз.

 

«Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісімен тағы үш түлек марапатталса, 17-і оқу орнын жақсы бағамен тәмамдады. 2009 жылдың қыркүйек айынан бастап аталған әскери институтта Қырғыз және Тәжік елдерінің жыл сайын 10 өкілі тегін түрде әскери білім алады. Солардың бірі – Қырғызстан елінің азаматы Олжас Жиенқұлов. Олжас елінен жырақта жүрсе де, әскери өмірге тән қатал тәртіпке үйреніп алыпты. Ол да бүгін лейтенант шенін алды.

Түлектерді көрші Қырғыстан мен Тәжікстаннан  келген қонақтар да құттықтады.

 

Болот Аманалиев, Қырғызстан Республикасының ІІМ ІӘ Бас Қолбасшысының бірінші орынбасары :

– Бүгін Қырғызстан Ішкі Әскерлері үшін тарихи күн, себебі бүгін біздің қатарымызға жаңадан білікті де білімді жас офицерлер қосылып отыр. 2008 жылы екі мемлекет әскери кадрларды даярлау жөнінде халықаралық хаттама қабылдаған болатынбыз. Келешекте осындай халықаралық шығарылымдар дәстүрге айналады деп сенемін

 

Музаффар Джабборов,Тәжікстан Республикасы ІІМ ІӘ Бас Қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, подполковник:

– Бүгін біздің еліміздің 10 офицері шығарылды. Бұндай шығарылым мемлекетіміздің қарулы күштерінің тарихында тұңғыш рет болып отыр. Алла бұйыртса келесі жылы тағы 10 жас жігітті осында оқуға жібереміз деген ойымыз бар.

 

Әскери оқу орнында офицерлер 7 мамандық бойынша даярланады. Енді жас офицерлер қызметтерін атқаруға еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартады. Салтанатты іс-шарадан курсанттар карабиндермен саптық қимылдарды орындап, барабаншылар ансамблі өз өнерлерін паш етті.

Сонымен қатар, әскери оркестр әншілері мен облыс орталығының шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін көрсетті. Курсанттар да саптық ән шырқап, дәстүрге сай  күміс теңгелерді аспанға ұшырды. Бұл ырым – жас лейтенанттардың жолы ашық болсын дегенді білдіреді.

Концерттік бағдарлама ежелгі дәстүрге сай офицерлер вальсімен аяқталды.