Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үздік дәрігерлер марапатталды

Дәрігер – қашанда қоғамға аса қажетті маман. Әлеуметтік маңызды мамандықты таңдаған ақ халатты абзал жандар күн-түн демей6 адамзаттың басты байлығы денсаулықтың сыр бермеуін қамтамазыз етіп келеді. Талай жанды өлім аузынан арашалап қалуда қолынан келгенінен аянып қалмайды. Бүгінде өлке тұрғындарына 1400 жоғары білікті дәрігер, 5 мыңнан артық медициналық қызметкер сапалы ем-дом көрсетіп жүр. Кәсіби мерекелерінің қарсаңында сүттің бетіндегі қаймақтары саналатындары мына залда отыр. Өңіріміздің дәрігерлер қауымын атаулы күнмен облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады. Өңір жетекшісі өз сөзінде қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету еліміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты екендігін атап өтті.

Денсаулықты қорғау шараларының арқасында өлім-жітім 3,5%-ға төмендепті. Өкпе ауруына шалдығу 14,5%, қатерлі кеселдердің салдарынан жан тапсыру 20% азайған. Бұл – дерт белгілерін ерте анықтаудың жемісі. Ең бастысы ауырып ем іздегеннен гөрі сырқаттанбаудың жолын табуға үлкен ден қойылды. Бүгінде өңіріміздің емдеу мекемелері 5 мыңға тарта орынға шақталған.

 

Cамат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Cоңғы 10 жылда облыста 29 медициналық нысан бой көтерді. Биыл үш ауданда 250 адамдық емханалар қолданысқа беріледі. Жылына шамамен 60 жас маман еңбек жолын біздің өлкеде бастайды. Ауруханалардың техникалық паркі былтыр -11, биыл 5 жедел жәрдем көлігімен толықты.

 

Мейірімді де парасатты, білікті де ізденімпаз ақ халатты абзал жандар кәсіби мерекелерінде түрлі марапаттарға ие болды. Облыс әкімінің құрмет грамоталарының бірі Асылхан Жағыпаровқа берілді. Балалардың травматолог-ортопед дәрігері осымен 7 жыл антына адал сертіне берік. Бірқатар дәрігерлерге  «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» кеуде белгілері табысталды.

 

Владимир Русов, облыстық аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі:

– Еңбегіміз қашан да еленіп жатады. Денсаулығы мықты халқы бар елдің өзі күшті. Елбасы соңғы жолдауында Ұлт саулығы жарқын болашақтың негізі екендігін айрықша атап өтті. Дәрігерлер артылған жүкті абыроймен атқарады деп айта аламын.

 

Министрліктің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары да өз иелерін тапты.

 

Нина Бимақанова, Есіл ауданының санитарлық- эпидемиологиялық бөлімінің маманы:

– Тазалық – денсаулық кепілі. Біз санитар мамандар тазалық сақшысы атағымызды сақтап қалуға тырысамыз. Ерекше құрметке бөленгеніме қуаныштымын. Болашақта да бұл сенімді ақтауға барымды саламын .

 

Өңіріміздің үздік өнер ұжымдары құттықтауларын ән-бимен жеткізді.

 

Жеңіс Ермұқанов