Без категории

Петропавлдықтар қала күнін қашан тойлау керектігін ақылға салуда

 

250 жыл бойы тойлап келген мерекенің түп тамырына үңілетін кез жетті. Өлкетанушы Социал Жұмабаев қала күні – діни емес, халықтық мейрам болуы тиіс дейді. Өйткені, Ата заңымызда Қазақстан зайырлы мемлекет деп жазылған. Дін саясаттан бөлек. Әрине, православ қауымы Петр мен Павел әулиелердің туған күнін әдеттегідей атап өтеді. Олар бұл күні дәстүр бойынша крест шеруіне шығады. Ал,тұрғындардың санасына сіңіп қалған қала күні – шілденің 12-сі – жаңылыс деген пікір білдірді ел ағасы. Тарихтан іздесек, Қызылжар өлкесі Абылайдың кезінде   Ресейдің қол астына кіргеннен кейін әскери бекіністер салына бастапты.

 

Социал Жұмабаев, өлкетанушы, “Асыл мұра” орталығының қызметкері:

-Петропавлдың жері Қытаймен Ресейдің арасындағы сауда қатынастарын жалғайтын жер болған. Қалаға дейін Қызылжар атауы болып, бұл араға қазақтар қоныстана бастаған. Өзбектер де келе бастаған. Осы араға керемет бір сауда орталығы құрылған.

 

Мереке аты затына сай болу қажет. Қала күні – атқарылған іс, жеткен жетістік, алға қойған мақсатты айқындауға қолайлы. Бұл әлеуметтік-экономикалық жағынан алып қарағанда да нәтижелі болуы қажет. Яғни, облыстың дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттауға лайықты дейді Социал Жұмабаев.

 

Социал Жұмабаев, өлкетанушы, “Асыл мұра” орталығының қызметкері:

-Тамыз-қыркүйек айларына шегерген өте орынды. Өйткені, бұл күндері бірінші жартыжылдық бітеді. Бұл күні күллі таза көшелерге, жақсы үйлерге байланысты қала мекемелеріне әрбір номинация бойынша бәйге жариялап, солай өткізсе пайдалы болады.

 

Міне, бұл жолы осындай пікір айтылды. Бұл – өңір тарихын талай жылдар саралаған өлкетанушы, зерттеп, зерделеген ел ағасының әңгімесі. Ал, біздің мақсат – қоғамға ой тастау. Одан қорытынды шығару сіздердің еншіңізде. Десе де, мәселе түйіні көптің пікірімен санасудың нәтижесінде шешіледі.

 

Данаш Хамзина