Балалар

Бауырсақ тойы

 

Ұлттық киім киген мектеп қызметкерлері ошақ басында қазақтың ұлттық тағамы бауырсақты әзірлеп жатыр. Ол піскеннен кейін, ыстық күйінде жиылғандарға таратылатын болады. Бүгін мұнда «Бауырсақ тойы» аталып өтілуде. Мұндай шараны ұйымдастыру қалалық классикалық гимназияда игі дәстүрге айналыпты. Шағын мереке жыл сайын мектеп жанындағы лагерьдің жабылу салтанатында тойланады екен.

 

Данияр Уәлиев, қалалық классикалық гимназия директорының міндетін атқарушы:

-Әрбір күнді бір-біріне ұқсамайтын қылып жасадық. Сыртқа да шараларға шығардық. Балалар сонымен қатар сабақ та оқыды. Ән сабағы, қолөнер сабақтары. Походқа да барды, бассейнге түсті.

 

Ағымдағы жылы мектеп жанындағы лагерьде 80 оқушы демалыпты. Маусымның 1-15-сі аралығында осы жерде тыныққан балалар мол жағымды әсер алған көрінеді.

 

-Бізге өте ұнады. Біз бассейнге шомылдық. Саяхаттарға бардық. Ағылшын сабағын өткіздік. Би биледік, ән айттық.

-Ойнадық, көптеген жерлерге бардық. Медик тәтеде фиточай және витаминдерді жедік. Келесі жылы да лагерьге келемін деген үміттемін.

 

Биылғы оқу жылында аталмыш оқу ошағында барлығы 640 оқушы білім алған. Оның 62-сі мектепті аяқтады.

Айдана Демесінова