Қоғам

Қыс қамы

Жергілікті тұрғындарды ағаш отынмен мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері қамтамасыз етеді. Солтүстік Қазақстан облысында мұндай ұйымдардың саны 12. Өткен жылы олар 248 мың текше метрден астам отын дайындаса, биыл оның көлемі сәл ұлғайған көрінеді

Сәуле Сүлейменова, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім бастығы:
-Үстіміздегі жылы 293 мың 113 текше метр көлемінде ағаш отын әзірленді. Мемлекеттік мекемелерге бөлінген ағаштың 1 текше метрінің құны 865 теңге. Бірақ олар ағаштарды жай ғана құлатып береді. Ал оны белгілі бір баспанаға жеткізу мәселесін тұрғындардың өздері шешеді.

Осындай жұмыстармен орман шаруашылығын пайдаланушы жеке кәсіпкерлер де айналысады. Олар ағашты құлатып, бөрене қылып кесіп, әрі жарып та әкеледі. Дегенмен мұндай қызметтің бағасы да арзан емес. Жеке кәсіпкерлер 1 текше метр ағаш отынды кем дегенде 3 мың теңгеге сатады екен.

Сәуле Сүлейменова, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім бастығы:
-Орман шаруашылығын пайдаланушылар отын ғана дайындамай, сонымен бірге өздерінің цехтарында ағаш өңдеп, одан тұрмысқа қажетті заттар жасап шығарады. Облысымызда 21 кәсіпкер осындай қызмет көрсете алады. Биыл жеке кәсіпкерлер 190 мың текше метр ағаш өңдеді.

Жалғыз тұратын зейнеткерлер үшін орман пайдаланушы жеке кәспкерлердің ұсынған қызметі ыңғайлы болса, кей азаматтар отынды өздерінің дайындағаны жөн деп санайды.

 -Дайын отын сатып алу, әсіресе, бізге, зейнеткерлерге қолайлы. Онымен қоса көмір сатып аламын.
-Көмірден гөрі ағаш отынды пайдаланамыз. Барлық жұмысты өзіміз істейміз, осылайша қаржы үнемдейміз
-Газет беттеріндегі жарнамадан қарап, тапсырыс береміз. Кейін өзіміз жарып аламыз.

Тұрғындардың отынға деген 1 жылдық сұранысы шамамен 400 мың текше метр екен. Ал мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері мен жеке кәсіпкерлер үстіміздегі жылы бұл қажеттілікті қанағаттандыруға әзір.

Айдана Демесінова