Қоғам

“Таза орман” акциясы

 

Жақын маңда демалыс орындарының көптеп шоғырлануы орман алқаптары үшін соқпақты. Демалушылардан қалатын қалдықтар жергілікті жердің сәнін бұзуда. Орман біздің-ортақ байлығымыз. Сондықтан оны ластамай, қалдықтардан арылтып отыру кез келген азаматтың міндеті. Қоршаған ортаның аз да болса көркеюіне үлес қосу мақсатында «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық студенттер бірлестігі мен СҚО бойынша табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бірлесіп, жастар ұйымдары мен экологиялық отрядтар арасында байқау жариялаған.

 

Қанат Омаров, СҚО бойынша табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

-Акцияны ұйымдастыруға облыстық бюджеттен 500 мың теңге бөлінді. Әр құрамаға арнайы орын көрсетілді.

 

Мұндай шара өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. 8 құрамаға бөлінген оқу орындарының студенттері екі күн бойы Мещан орманын қоқыстан тазарту жұмыстарында белсенділік танытты.

 

Мұса Танақұлов, «Жас Отан» ЖҚ филиалының атқарушы хатшысы:

– Қаламыздың экологиялық жағдайына барлық тұрғындардың назарын аудару қажет. Акция қоршаған орта тазалығына бей- жай қарамауға шақырады. Табиғатты аялап, қалдықтардан үнемі арылтып отыру керек.

 

Акция аясында 5 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. 1,5 шақырым орман алқабы қалдықтардан тазартылды. Сәкен Қалиев осындай акцияларға қатысу әрбір адамның парызы деп біледі. Тазалық- денсаулық кепілі деген қағиданы ұстанған оның құрамасы байқауда жеңіске жетті.

 

Сәкен Қалиев, акцияға қатысушы, Петропавл қалалық құрылыс- экономикалық колледжінің студенті:

– Орман барлығына ортақ. Қоршаған ортаның тазалығына бей- жай қарамау керек. Бүгін біз аталмыш сайыста жеңіске жетіп отырмыз. Орманды тазарту жұмыстарына үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз.

 

Ал қалған екі орынды «Кекушинкай каратэ-до»қоғамдық бірлестігі мен М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж өзара бөлісті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.