Спорт

Петропавлда Александр Винокуровтың жүлдесіне веложарыс өтіп жатыр

Жарысқа Петропавл, Қостанай, Омбы қалаларының 50 спортшысы қатысуда. Велошабандоздар 5 күн бойы бақ пен бап таластырады. Додадан жеңіп шыққандар олимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Винокуровтың сыйлығын иемденбек.

Владимир Парахин, жарыстың бас төрешісі:

– Маусымның 12-сі – жарыстың соңғы күні. Тартысты додадан суырылып алға шыққандарды олимпиада ойындарының чемпионы Александр Винокуров марапаттайды.

Жасөспірімдер чемпион Александр ағаларын мақтан тұтады. Олар да сол сияқты Олимпиада ойындарына қатысып, мықтылардың қатарынан көрінгісі келеді. Сөйтіп, жас велошабандоздардың бірінші тобы 100 шақырымды бағындырды.

Серік Рақымов, велоспорттан республикалық федерация президиумының мүшесі :

– Александр Винокуровтың бағындырған белестері жас спортшыларға ерік-жігер береді. Оның жеңіс жолы өзгеге үлгі. Бұл бәсекеде велошабандоздар жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын.

Әзірге, жарыста Петропавлдағы велоспорттан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Владимир Горбунов көш бастап келеді.

Бану Ахметова