Билік

Облыс әкімінің Уәлиханов, Ақжар аудандарына жұмыс сапары

.

 

Аудан орталығы Кішкенекөл елді мекеніндегі 300 орынға шақталған мешіттің құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Облыс әкімі мұнда ауыл ақсақалдарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ғибадат үйі тамыз айының соңында халық игілігіне берілмекші. Ал нөмірі екінші Кішкенекөл орта мектебінде 584 бала тәлім алады. Оның 35 – і биыл 11 сыныпты тәмамдағалы отыр. Білім ордасының 85 жылдығына арнап, ұжым «Алтын бесік» атты саябақ ашып, балаларға корт тұрғызған. Өңір жетекшісі мектепте ашылған көрмені тамашалады. Кішкенекөлдегі 12 пәтерлі тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп жатыр. Бұл мақсатқа 2012 жылы 104 миллион теңгеге жуық субсидия беріліпті. Биыл тағы 5 миллион теңге бөлінген. Қазір шатыры жабылып, терезелері орнатылуда. Нысан осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Жолдасбай агро» фермерлік қожалығы жеке қаржысына 400 басқа арналған асыл тұқымды репродуктор тұрғызуда. Құрылысы осыдан бір жыл бұрын қолға алынған. Мұндағы жұмыстар қыркүйек айында аяқталады. Қазір шаруашылыққа электр көзін тарту басты проблемаға айналып отыр. Самат Ескендіров «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 2014 жылға өтініш беру қажеттігін атап айтты. Осылайша бұл мәселе шешімін табатын болады. Бұдан соң аймақ басшысы «АР» ЖШС – де болды. Қожалық басшысы 11 мың тоннаға арналған астық қабылдау бекетін тұрғызып жатыр.Сағатына 100 тонна өндіруге қауқары бар нысан бір айдан соң толықтай іске қосылады. Бұдан соң Самат Ескендіров «Қызылту – Астық» серіктестігінің танап басында ауданның агроқұрылым басшыларымен кездесті.  Ауданда егіс науқаны аяқталуға жақын. Ақтүйесай, Өндіріс,  Жұмысшы және Жамбыл ауылдарына 2014 жылдың соңына дейін су тартылады. Ол үшін республикалық қазынадан 725 миллионға жуық қаржы бөлінген. Жоба іске асса, 900 – ге жуық адам таза сумен қамтамасыз етіледі. Ал ақжарлықтар болса, орталық саябақты қайта қалпына келтіріп жатыр. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 2 миллионнан астам қаражат қарастырылыпты. Мұнымен қоса теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бүгінгі күні станцияға Астана – Қызылту бағытында қатынайтын поезд тоқтайды. Ескі ғимаратты жаңғырту үшін 70 миллион теңге жұмсалған. Қазір вагон тапшылығы байқалады. Бұл жерден күніне кем дегенде 50 адам жолға шығады. Тұрғындармен кездескен облыс әкімі Самат Ескендіров бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деп сендірді. Сонымен қатар, Ленинградское  және Дәуіт елді мекендері арасындағы тас жол жөнделіп жатыр. Екі шақырымды қалпына келтіруге облыс қазынасынан 64 миллион теңге бөлініпті . Қазір мұнда «Көкшетау жолдары» серіктестігі жұмыс жүргізіп жатыр. «Ақтөбе – GLASS» серіктестігі экологиялық таза, байытылған кварц құмын өндіреді. Сұраныс бар. Шикізат Астана, Теміртау, Алматы және Ресейдің Новосібір қалаларына жөнелтіледі. Кәсіпорын жылына 340 000 тонна құм өндіру мүмкіндігіне ие. Жылдан-жылға Ақжар ауданында жер қойнауын пайдаланатын кәсіпорындардың саны артып келеді. Осыған орай аймақ жетекшісі осы сала мамандарына арнайы бірлестік құруды ұсынды. Өнім Ленинградское және Дәуіт елді  мекендері арасында жөнделіп жатқан тас жолмен тасымалданады. Ал трасса болса 8 тоннаға ғана шақталған. Самат Ескендіров жолдың сапасын сақтау үшін, мамандарға басқа жағдай қарастыру қажеттігін ескертті. Бұдан соң өңір жетекшісі «Бостандық» ЖШС – нің танап басында болып, көктемігі дала жұмыстарымен танысты. Биыл олар 23 мың гектар алқапқа дән себуде. Алдағы бір аптада науқанды аяқтамақ. «Данил» шаруа қожалығында облыс әкімі «Богви» компаниясының қарамағындағы шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында мал шаруашылығын дамытып жүрген бір топ кәсіпкерлермен кездесіп, оларға тапсырмалар жүктеді. Бүгінде өз кәсібін дөңгелетемін дегендерге мемлекет тарапынан қолдау бар. Облыс әкімі Самат Ескендіров шаруа басшыларына осы мүмкіндікті мейлінше пайдалану қажеттігін ескертті.

 

Материалды «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшілері әзірледі