Денсаулық сақтау

Петропавлдағы сауда базарларының бірінде адам денсаулығына қауіпті құлпынай табылды

 

 

Петропавлда мамырдың 31-і күні «Сапалы азық-түлік – ұлт денсаулығының кепілі» атты акция басталған болатын. Оның барысында кез-келген тұтынушы санитар мамандарға сауда орындарында сатып алған азық-түліктің сапасын, құрамындағы нитраттың мөлшерін тексерте алады. Акция жемісін бере бастады. Жақынды қала тұрғындарының бірі құлпынай сатып алған. Сауда сөрелеріне ерте түскен баданадай жемістерді татпас бұрын сапасын тексертуді жөн санапты. Санитар дәрігерлер сатып алушының күдігін растады. Құлпынайдың құрамында нитраттың мөлшерден артық екендігі анықталған.

 

Наталья Беляева, СҚО МСЭҚД бөлім басшысы:

-Осы кезге дейін 287 өсімдік өнімдерін тексердік. Соның барысында Испанияның «Фрутис эстер» деген компаниясында өндірілген құлпынай құрамында нитрат мөлшері қалыптан көп екендігі анықталды. Оның мөлшері шамадан 4 есе көп.

 

Барлығы осындай 4 кг өнім табылған. Ресейден жеткізілген құлпынайдың қазір барлығы жойылған.

 

Наталья Беляева, СҚО МСЭҚД бөлімінің басшысы:

-Биыл біз жеміс-жидектерге қатысты 600 зерттеу жүргіздік. Тұтынушыларға  жеміс немесе бау-бақша өнімдерін олардың құрамын тексеретін лабораториясы бар жерлерден алуға кеңес береміз.

 

Азық-түлік сапасын бақылауға арналған мұндай акция тамыздың 31-не дейін жалғаспақ.

 

Әспет Әбдірешова