Балалар

Жазғы сауықтыру алаңқайлары өз жұмысын бастады

 

 

Қалыптасқан дәстүр бойынша оқу жылы аяқталысымен балалар жазғы демалысқа шығады. Жеткіншектердің демалысын тиімді өткізуі үшін сауықтыру лагерьлері жұмыс істейді. Оған қоса мектеп жанында да сауықтыру алаңдары ашылған.

 

Гүлнар Таласбаева, № 7 орта мектеп директоры:

Бізде мектепалды дайындық топтары және бастауыш сыныптарға арналған. 2 кезеңді толық күндік үйірмелер ұйымдастырылмақ. Бұл шара жалпы балалардың денсаулығын нығайту үшін жасалған. Сонымен қатар аз қамтылған және жетім балаларға да тегін көмек қарастырылған. Оларға бюджеттен арнайы қаражат бөлінді. Мектебімізден 66 оқушыға “Аққайың” және “Достық” сауықтыру лагеріне жолдама беріледі.

 

Сонымен қатар, орта буын және жоғары сыныптар үшін де арнайы іс-шаралар өткізілмек. Мектеп тарапынан атқарылып жатқан істерге көңілі толған аналардың бірі Гүлсім Мұқанғали өз баласын осы мекеме жанындағы сауықтыру орнына берді.

 

Гүлсім Мұқанғали:

Осылай мемлекетіміз қолдау көрсетіп жатқанына ризамын. Мектептегі сауықтыру алаңдары өте жақсы ұйымдастырылған. Балам 10 күн бойы осында жақсы демалады деп сенемін. Ата-ана ретінде әр уақытта қолдау көрсетіп отыруға дайынмын.

 

Аталмыш мектеп жанындағы сауықтыру алаңының 1 маусымында 100 бала демалуға мүмкіндік алған, келесі кезеңде сұраныс туындаса, жеткіншектерге тағы да 50 орын шақталады. Өткен жылы жазғы демалысын қызықты өткізген Айя мектеп жанына қайта келіпті.

 

Айя Тәліпова:

Мен осы жазғы алаңға 2-ші жыл келіп жүрмін. Біз осы жерде ән айтамыз, спортпен шұғылданамыз, жарыстар өткіземіз, ал шебер қолдар үйірмесінде түрлі бұйымдар жасаймыз және сурет саламыз.

 

Сонымен қатар жеткіншектер демалыс уақытында қаламыздың көрнекті орындарын да тамашалайды.

 

Берік Қасен