Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысында егіс науқаны аяқталуға жақын

 

Айыртау ауданындағы «Ратмир» ЖШС дақылдарды биыл 5,5 мың гектар жерге егуді жоспарлап қойған. Қазір танап басында 2 егіс кешені жұмыс істеп жүр. Бұның өзі жетіп қалады дейді кәсіпорын қызметкерлері. Учаскенің 90 пайызы өңделіп болған, енді бірнеше күннен кейін жоспар толығымен жүзеге аспақ.

Ал  «Журавка» серіктестігінде облыс әкімі қысқы қара бидай алқабын қарады. Оны өткен жылдың тамыз айында сепкен екен, қыстан жақсы өтіп, тамаша өнім алатын жайымыз бар дейді “Ратмир” мен “Журавка” шаруашылықтары кіретін “Көмек” ЖШС бас директоры Юрий Голимбовский.

 

Юрий Голимбовский, “Көмек” ЖШС бас директоры:

-Барлығы 28 мың гектарға себеміз. Науқанға 400 адам мен 14 егіс кешені жұмылдырылды.

 

Өңір жетекшісі Саумалкөл қазақ орта мектебіне де соқты. Мұнда бүгінде 416 оқушы оқыса, 30-ы аттестат алып шықпақ. Самат Ескендіров ғимарат ішін аралап, түлектердің Ұлттық Бірыңғай Тестілеуді ойдағыдай тапсыруларына жақсы жағдай жасалғанын байқады. Сондай-ақ, облыс әкімі Саумалкөлдегі орталық көшелердің бірінде тұрған ҚР-ң мемлекеттік рәміздері стеласын да тамашалап, жуырда жаңадан салынған модульдік қазандық ғимаратында болды. Бүгінде селода жылытылатын аумақ 100 мың шаршы метрді алып жатыр, ал  аталған құрылғы іске қосылған жағдайда жылумен тағы 75 мыңын қамтуға мүмкіндік бар.

“Достық Дэн” және “Агро Граунд” шаруашылықтарының егістерінде Самат Ескендіров аудандағы алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың басшыларымен жүздесті. Барлығында науқан аяқталуға жақын қалыпты. Өнім ойдағыдай жиналады деп сендірді “Бабық-Бұрлық” ЖШС директоры Сейілбек Махметов.

 

Сейілбек Махметов, «Бабық-Бұрлык» ЖШС директоры:

-Биыл ылғал бар, жанармай жеткілікті. Ешбір қиындықтар жоқ. Енді, бір 3 күннің ішінде барлық жұмысты толығымен іске асырамыз деп ойлаймын.

 

Ал  Ғ.Мүсірепов ауданындағы “Агро-Жазық” ЖШС-нде де жұмыс жуық арада бітеді. Облыс әкімі мен шаруа қожалықтарының басшылары осындағы соңғы қалған 30 гектардың өңделуін қарады. Самат Ескендіров мұндағы жақсы көрсеткіш еңбекшілер жалақысының жоғары болуына байланысты деп атап өтті.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызы зор. Өз ісін дамытуға түрлі мүмкіндіктер бар. Өздеріңіздің жұмысшыларыңызға табыс көлемі осылай 1 млн 200 мың теңге көлемінде болғаны дұрыс.

 

Сондай-ақ, өңірдің бірінші жетекшісі аграрийлерге  барлық мемлекеттік мүмкіндікті біліп, оларды барынша іске асыру қажеттігін еске салды. Өйткені, бұл тек өздері үшін ғана емес, сондай-ақ, экономикалық және әлеуметтік салаға да пайдалы.

Самат Ескендіров жұмыс сапары барысында “Сәлем” әуекомпаниясына соқты. Мұнда облыс басшысына алқаптарды химиялық өңдеуге арналған 8 ұшақ көрсетілді. Мамандар кәсіпорынды жарықпен өздері қамтып отыр екен. Ол үшін құны 2,5 млн теңге тұратын 2 жел генераторы мен күн батареяларын сатып алыпты. Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлері өңір жетекшісіне гербицидтерді көрсетіп, естелікке ұшақ үлгісін тарту етті.

Бұдан кейін облыс әкімі “Алаз” ЖШС-де жаңадан салынып жатқан сыйымдылығы 20 мың тонналық элеваторда болды. 400 млн теңгенің құрылғысы “ҚазАгроФинанс” арқылы Польша елінен сатып алыныпты. Құрылыс жұмыстары тамыз-қыркүйек айларында аяқталуы тиіс. Самат Ескендіров “Намыс” ЖШС егістіктерінде де шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Мұнда да 22 мың гектарды себу жоспарланыпты. Науқан жуық арада аяқталады.

Самат Ескендіров “Возвышенка СК” ЖШС-ндегі жұмыс барысымен танысты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорынға өткен жылы 408 бас ангус тұқымды сиыр жеткізілген. Қазір қара малдар төлдеп жатыр. Серіктестік директоры Абдурахим Нұқаев жем-шөптің жететінін және шетелдік мүйізділердің теріскейдің ауа райына әбден үйреніп алғанын айтты.

Жұмыс сапарының соңында өңір жетекшісі “Тұқым” ЖШС-ндегі химиялық өңдеуді байқап, осында жиналған жергілікті аграрийлерге ағымдағы жылға тапсырма жүктеді.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Талаптар белгілі: жер бар, ендеше мал шаруашылығы да лайықты түрде өрістеуі қажет. Әрі тұрғындар да сүт-етпен қамтылып, әрі облыстың дамуына да ықпал етеді. Жоғары деңгейден түспеу керек, біз үнемі үздік үштіктің қатарында болатынбыз.

 

Жалпы, өңір диқандары үлгеріп жатыр. Егіс науқанын соңына жеткізуге жақын қалды.

 

Айдарбек Сапаров, СҚО бірінші орынбасары:

Қазіргі уақыт қолайлы. Жұмыс жоспардағыдай жүріп жатыр. Ылғал да бар, Маусымның соңына дейін жетеді. Биыл өнім күткендегідей мол болу тиіс.

 

Ағымдағы жылы СҚО-да егіс алқабы 4 млн гектардан асады.

 

Данаш Хамзина