Қайырымдылық

Прокурорлар балаларды құттықтады

 

Есту мүмкіндіктері шектелген жеткіншектер үшін өзгелердің оларға деген ерекше назары мен ықыласы өте маңызды. Бүгін оларға тосын сыйды Петропавл қаласының прокурорлары жасады. Интернат оқушыларын демеуді қадағалаушы орган өкілдері дәстүрге айналдырған. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған қайырымдылық шарасының барысында мұндағы жеткіншектерге сыйлықтар табыс етілді.

 

Қонысбек Ибраев, Петропавл қаласының прокуроры:

– Үш жыл бойы осы мектепке спонсорлық көмек көрсетіп жүрміз. Бұл мектептің өзі орны ерекше. Осында келгенде ерекше толқып келеміз. Балаларға тек қана сыйлық емес, сонымен қатар, жүрек жылуын бергіміз келеді. Бұл балалардың өмір жолы әрқашан бақытты болсын дейміз.

 

Мұндай шаралар балалардың өздерін де қайырымды болуға үйретеуде маңызы зор. Сыйлықтарға ие болған балалардың қуанышында шек жоқ.

 

Кристина Крылова, облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушісі:

– Біздің демеушілерімізге көп рақмет. Олар бізге әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Сыйлықтары өте ұнады.

 

Интернатта барлығы 151 бала оқиды. Оның ішінде 8 оқушы биыл ҰБТ сынағына қатысып, үлкен өмірге аяқ басқалы отыр.

 

Әспет Әбдірешова