Қоғам

Мағжан рухына тағзым



 

Сонау қасіретті жылдары репрессия тырнағына ілінгендердің бірі – қазақтың дана, дара тұлғасы, алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев. Қазақ поэзиясындағы қайталанбас құбылыс болған ақын 1938 жылы 19 наурызда жазықсыз атылып кетеді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні халқы біртуар ұлының рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мағжан халқының азат болғанын  аңсап өтті. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы оның есімін атап, шығармаларын оқуға тыйым салынды. Тек көп жылдардан кейін ғана есімі ақталғаннан соң халқы ұлы ақынымен сағына қауышқан. Уақыт Мағжан туындыларының өміршеңдігін дәлелдеп берді.

Бибігүл Сыздықова, № 2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
-Рухына тағзым етуге жиналдық.
Бүгінгі ұрпақ бақытты, балаларымыз қуанышты. Осы үшін ол кісілерге бас иеміз.

Қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев артына өшпес мол мұра қалдырып кетті. Өскелең ұрпақ ұлы ақынды пір тұтып, оның өнегелі, тағылымды шығармаларын айырықша қызығушылықпен оқиды.

Алтынай Жұмағалиева, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті:
Мағжан Жұмабаев сөзсіз өзінің сөз үлгісін қалдырған ақиық ақын. Мағжанның өлеңдері жастарға үлгі-өнеге. Ақыр демі қалғанша, “қазағым” деп жүрегі соғып өтті. Әрине, осындай ұлы ақынды қастерлеп, бас ию біздің парызымыз.

Сонау қасіретті жылдары миллиондаған адам қуғын көріп, өмірі жазықсыз қиылды. Талай асылдарымыз, ақылды-кемеңгерлеріміз солақай саясаттың құрбаны болды. Дара тұлғаларын туған халқы еш уақытта ұмытпақ емес.

Айымгүл Әбілева