Билік

Өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы

 

 

 

Жеке ісін кеңейтемін деген кәсіпкерлерге  – “Бизнестің жол картасы- 2020” бағдарламасы үлкен демеу. Өңіріміздің іскер азаматтарының біршамасы бұған іс жүзінде көз жеткізіп көрді. Бұл жолы өңірлік үйлестіру кеңесіне ұтымды бастамасын ұсынуға “Изолит” ЖШС директоры келіп отыр. Виктор Приколотто электр оқшаулағыш материалдарына деген сұраныс артқан соң төл өнімінің шығарылымын ұлғайтуға бел буыпты.

Виктор Приколотто, “Изолит ” ЖШС директоры:
Біздің өндіріс көлеміміз 120 млн теңгеге артты. Ендігі мақсатымыз – бұл деңгейден түсіп қалмай, еселей түсу. Сұранысты қанағаттандыру үшін жаңадан 30 жұмыс орнын ашуды көздеп отырмын.  

Осы мақсатта кәсіпорын басшысы екінші деңгейлі банктер арқылы 10,7% пайыздық мөлшерлемемен 60 млн теңгенің несиесін рәсімдемекші. Мемлекеттің қолдауы болса, кәсіпкер жылдық үстеме ақының 2,7-ақ пайызын төлейді. “Амангелді Бажикенов” ЖШС жетекшісі Серік Бажикенов та бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланып қалуға асық.

Серік Бажикенов, “Амангелді Бажикенов” ЖШС жетекшісі:
Мен мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отырмын. Етті және сүтті бағытта сиырларды бағуды көздейміз. 3 мың бас ірі қараға шақталған кешен салмақпын. Ол үшін алдымен инженерлік желілерді тарту керек. Тек жарық сымдарын өткізіп, бағаналар орнату үшін 12,5 млн теңгенің қаражаты қажет болып тұр. Осы мәселенің басын қайыру үшін көмек сұрап келдім.

Аққайың ауданының әкімдігі мал фермасын салуға және төлдерді жаюға арналған жер бөліп берген. Алайда, құрылыс әлі басталмай отыр. Енді тіркелген серіктестік жетекшісі малды қайдан алатынын да әлі шешпепті. Кеңес мүшелеріне Серік Бажикенов ойын жүзеге асыруға жұмсалатын қаржы көзін түсіндіре алмай қынжылды.

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:
Сіз бізге біріншіден, дайын кешенді, сатып алынған малыңызды көрсетіңіз. Кейін барып қана инфроқұрылымды дамытуға қажетті соманы бөлу мәселесі шешіледі. Біз сіздің ниетіңізге тұсау құрып жатқан жоқпыз. Мемлекет құятын қаржының тиімді болуы шарт. Ешқандай алғышарттар болмай,   ойыңыздың нәтижелігіне кім кепіл болады. Сондықтан, аудан әкімімен жүздесіп ақылдасып алу керек.

Отырыста жолаушылар тасымалы қызметін жетілдіруге де қатысты 2 өтініш қаралды. Сондай-ақ, бір кәсіпкер кең көлемде бақша дақылдарын өсіруге қолдау сұрады.

Жеңіс Ермұқанов