Мәдениет

Көршілес облыстар арасындағы мәдени алмасулар

 

 

Концерт композитор Кенжебек Күмісбековтің “Дала сыры” атты симфониялық туындысымен ашылды. Одан кейін Ақмола облыстық филармониясының әртістері Абылай ханның “Шаңды жорық” Н.Тілендиевтің “Махамбет” күйлерін шертіп, Ақан серінің “Майда қоңыр”, Алябьевтің “Соловей” әндерін орындады.

 

Мара Есмұқанова, Ақмола облыстық филармониясының әншісі, ҚР  Мәдениет қайраткері:

 

-Концерттің бір ерекшелігі 2 облыстың оркестрлері күй тартыс болады, екі жақтың теноры, баритоны сайысады. Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан салдың елі болғандықтан сіздерге 7 бірдей дәстүрлі әншіні: Қазақстанға еңбек сіңірген  Бисара Мәкенова, Эльмира Төлеубаева , Әбсалық Салық міне осындай азаматтарымызбен дәстүрлі әндер ала келдік.

 

Бұл күні классикалық туындыларға да кезек берілді. Әйгілі Моцарт, Гуно жазған әуендерді солтүстікқазақстандық өнерсүйер қауым бар ынтасымен тыңдады. Концертке жергілікті Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі де тыңғылықты дайындалған екен. Республикалық байқаулардың лауреаты Дәмеш Құрманкина өз кезегінде жерлес жазушы Ғабит Мүсірепов атамызға арналған “Қызқарағай” әнін орындады.

 

Дәмеш Құрманкина, әнші, СҚО:

-Өзім осы Сегіз сері оркестірінің сүйемелдеуімен Жоламан Тұрсынбаев ағамыздың республикаға белгілі «Қызқарағай» әнін орындаймын. Сегіз серінің «Гауһартасы» орындалады. Орындауымның бір себебі бар мені өнерге әкелген, кішкентайымнан тәрбиелеген Ғабеңнің өзі болатын. Көкшетау халқы өте тамаша қабыл алды.

 

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірлескен оркестрін қос дирижер Дәурен Ғылымов және Қайырлы Ғафуров бастап, қазақ композиторларының шығармаларынан күй-тартыс өткізді. Міне, осы тұста олар халықтың шын ықылас-пейіліне бөленді. Екі облыстың өнер майталмандары ұсынған кеш жергілікті тыңдарманның көңілінен шықты. Олар осындай мәдени шаралар болашақта жиі өткізіліп тұрса дейді.

 

Берік Қасен