Қоғам

Бизнес-жобалар байқауы

 

 

“Инновациялық форсаж” автобусы іс сапарын мамырдың 27-сі бастады. Мақсат – тұрғындарды мемлекеттің бизнесті қолдау құралдарынан құлағдар ету. Алдымен Қостанай қаласын аралаған жылжымалы нысан енді СҚО-ға аялдады.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов елімізде жеке ісін өркендетемін деген кәсіпкерлерге жағдайлар жасалғандығын атап өтті.

 

Қайрат Бекенов,  СҚО әкімінің орынбасары:

– 2012 жылы инноваторларды қолдау тетіктері ақша және шығарған өнім бойынша 4 есеге көбейді. Бұл тек бірінші бастама. Бүгін инноваторларды қолдауға байланысты 9 түрлі тетіктер беріліп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді.

 

Үкімет тарапынан көрсетілетін қомақты демеудің бірі – “NIF50K” жобасы. 2005 жылдан қолға алынған Ұлттық байқау тапқыр азаматтардың ұшқыр бастамаларын қолдауға бағытталған. Үздік деп танылған 15 бизнес-жобаның авторы отандық арналардың телешоуына қатысады. Жетекші консалтингтік мамандар көксеген ісінің жоспарын құрып, кәсіби кеңес береді. Үздіктерге бастамасын жетілдіруге немесе қалыптасып қалған жеке ісінің іргесін кеңейтуге ақшалай сыйақы тағайындалады. Бас жүлде – 7,5 млн теңге. Екінші орынның гранты 2,5 млн теңгені құрайды. Үштікті тұйықтаған өнертапқышқа 1 млн теңге бұйырады.

 

Серік Маратов,  “Технологиялық даму бойынша Ұлттық агенттігі” АҚ директоры:

– Тек қана конкурс қана емес, сонымен қатар мемлекеттік қолдау құралдарын насихаттаймыз. Грант беріледі. Сондай-ақ техналогиялық бизнес инкубирование деген құрал бар. Жобаларды қаржылай және венчерлі қолдау. Консалтингтік бюро сол құралдар арқылы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау жасайды.

 

Бұндай қолдауды қалт жібермеуге ниет танытқан солтүстікқазақстандық өнертапқыштар төл өнімдерін көрмеге жайды. Онда негізінен энергия көзінің баламалы түрлері, тамақ өнеркәсібі, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, агроөнеркәсіпті дамыту тұрғысындағы жаңашылдықтар қойылды. Облыстық мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары мен Бескөл құс фабрикасының мамандары елімізде баламасы жоқ жобаны ұсынып отыр. 20 жылдық бірлескен жұмыстың нәтижесінде алғашқы отандық асыл тұқымды үйрек шығарылыпты. Бескөлдік түрлі түсті қанаттылар 7 аптада 4 келіге дейін салмақ қосады екен.

 

Ақан Жүнісов, мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері:

– Бұл тұқымның ерекшелігі неде? Біріншіден, салмағы жоғары. 1 келі қосымша салмаққа жем-азық аз кетеді. Бір жылдың ішінде бір үйрек 250-270 келі ет береді. Бұл бір үйректің берген жұмыртқасы, одан шыққан балапандардың 49 күндегі салмағымен есептелді.

 

Барлығы өңірімізден 30-ға тарта жобаның тұсауы кесілді. Ұйымдастырушылар осылайша әр өңірді аралап, еліміздегі белсенді инноватордың 80 пайызын қамтуды көздеп отыр. Жеңімпаздар қыркүйек айында белгілі болмақ.

 

Жеңіс Ермұқанов