Көлік және жолдар

Жол жөндеу

 

 

«Становое-Новомихайловка-Меңгесер» автожолы Мамлют ауданындағы 12 елді мекенді байланыстырады. Бұл жерде тыңғылықты жөндеудің жүргізілмегеніне 20 жылдан асыпты. “Аймақтарды дамыту” бағдарламасы аясында алдағы екі жылдың ішінде жолдың 17 шақырымы қалпына келтіріледі. Ал, соның 4-уі биыл жаңартылмақ.

 

Ғалым Тасболатов, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім жетекшісі:

-Аталған учаскенің екі бөлігінде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Біріншісінің ұзындығы – 1,5 км, ал, екіншісі – 2,4 шақырым. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 212 млн теңге бөлінді.

 

“Су-808” ЖШС жөндеу жұмыстарына сәуірдің 18-і кірісіпті. Қазір бірінші бөлікте жаңа асфальттың астыңғы қабатын төсеген. Барлығы 30 адам мен 25 техника жұмылдырылды. Жоспар бойынша нысан қазан айына дейін тапсырылуы тиіс. Жолшылар тапсырысты маусымның соңында аяқтаймыз деп отыр.

Сондай-ақ, «Становое-Новомихайловка-Меңкесер» бағыты бойынша шұңқыр жөндеу жүргізіледі. Бұған 46 млн теңге жұмсалмақ. Ал, Становое селосының маңында су өткізетін құбыр да қалпына келтіріледі. Жөндеу жұмыстары жақында басталады. Қажетті материал дайын. Бұл мақсатқа 19 млн теңге бөлініпті. Облыстың жолдарын жаңарту үшін барлығы 5 млрд 149 млн теңге жұмсалады.

 

Ғалым Тасболатов, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім жетекшісі:

-Осы қаржыға Тайынша ауданында жолдың 9,4 шақырымы қайта қалпына келтіріледі. 5 ауданның 25 км жолына күрделі, ал 54 шақырымына орта жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, шұңқыр жөндеу де іске асады. Атап өту керек, биыл облыстық бюджеттен 2 млрд 602 млн теңге көлемінде алғаш рет трансферт бөлінді, бұл республикалықтан біршамаға артық.

 

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті маңыздағы жолдардың ұзындығы 7 530 шақырымды құрайды. Соның 5 мыңнан астамы жөндеуді қажет етеді.

 

Данаш Хамзина