Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғаш болып мемлекет аумағын ұйымдастырудың бас схемасын құруды қолға алды. Өзгелері әзірге Кеңес үкіметі тұсында 60-шы жылдары құрылған құжатты негізге алып жұмыс жасап келеді екен. Өңірлердің қоғамдық талқылауына шығарылған ауқымды жоба басымдықтары бірінші болып біздің облыста қаралды.
Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:
-Мемлекеттің бас құрылыс схемасы ұзақ жылдарға арналған жоба. Құжат қоршаған ортаға шығын келтірмейтіндей табиғи байлықты ескеріп, құрылыс жүргізуді көздейді. Бұл еліміздің іргелей түсуінің кепілі болмақ.
Еліміздің үдемелі индустриалық-инновациялық дамуын көздейтін бастама 4 жыл бойы зерттелген. Ауқымды құжатта республиканың ресурстық мүмкіндіктері сараланып, халықтың әл-ауқатын жақсарта түсудің жолдары жоспарланған.
-“Стратегия -2030” негізінде жасалып жатыр. Бас Схемаға 2050 стратегиясының қойған мақсаттары мен талаптарын енгіземіз. Келешекте елдің көшіп қонуы, қалалардың қай салада өсіп дамитыны осы құжатта көрсетілген.
Еліміздің өндіріс саласының 17,4 пайызы СҚО орналасқан. Негізінен машина жасау мен тамақ өнеркәсібінің үлесі басым екен. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Қазақстандағы бар аграрлық өнімнің 15,6 пайызын шығарады. Әсіресе астықты өңір екеніміз баршаға мәлім. Сондықтан бас схеманың жоспарында өңірімізде ырыс дәнінің экспорттық әлеуетін дамыту жағы қарастырылыпты. Құжатта облыстағы жер асты пайдалы қазбаларын ысырап етпей тиімді реттеу жағы да орайластырылған. Өлкенің оңтүстік-батысындағы жер қойнауына минералды шикізат қоры мол шоғырланған екен.
-Республикалық қалайы қорының 65%, цирконийдің – 36%, уранның – 19%, титанның -5%, вольфрамның -1% осы өңірден табылды. Сондай-ақ алтын, күміс, алмас, бағалы түсті металл мен сұр тас көмірді кезіктіруге болады. Тау-кен өндірісін жақсы жолға қоюдың мүмкіндігі мол.
Сондай-ақ өңір арқылы Еуропа мен Азия елдерін байланыстырушы көпір болатын магистральды жолдар салынбақ. Теміржол құрылысы жүргізіледі. Туризм, көлік логистикасы жаңғыртылады деп жоспарлануда. Еліміздегі елді мекендердің 60 пайызы таза ауыз суға зәру. Мемлекеттік жоба аясында ауылдарға сапалы тіршілік көзін тарту жұмыстары қолға алынбақ. Су тарату желілері біздің өңірге де жетеді деп сендірді меймандар. Сондай-ақ облыс орталығы еліміздің мәдени-танымдық қаласына айналмақ. Осындай игі істерді қамтитын еліміздің бас схемасы жыл соңына дейін қабылданады деп межеленіп отыр.
Жеңіс Ермұқанов