Ауыл шаруашылығы

«Сыбаға» бағдарламасының берері мол

 

 

Айдана Демесінова, тілші:

-«Жәнібеков және К» шаруашылығында өткен жылы 27 бас ірі қара болған екен. Биыл оның саны 140-қа жеткен. Мұндай жақсы мүмкіндік «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқасында жүзеге асып отыр.

 

1 жыл бұрын мемлекеттік мүмкіндікті пайдаланған Қайрат Жәнібековтың ісі өрге домалады. Өткен жылы азамат мемлекеттің қолдауына ие болып, 13 млн 300 мың теңге несие алыпты. Осылайша жерлесіміз етті бағыттағы малдың санын көбейтуді мықтап қолға алған. Шаруашылық иесі 69 бас аналық пен 3 герефорд тұқымды аталық ірі қара сатып алды.

 

Қайрат Жәнібеков, «Жәнібеков және К» ШҚ жетекшісі:

– «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалынан несие алдым. Шарттары мен үшін тиімді. Жылдық 6 пайыздық үстемеақымен берілді. 2 жыл сыйақыны төлейміз, Қалғанын 2 жылдан кейін біртіндеп өтейміз. Бүгінде алған малым төлдеді. 40 бұзау бар.

 

Қайрат Жәнібеков 300 га жайылымды жалға алған екен. Мұнда шаруашылықтың ірі қарасымен қатар, қой, ешкі және жылқылар жайылып жүр. Малды қыстан аман шығару үшін 2 база салыпты. Қайрат 15 жылдай егін егумен айналысқан. 1,5 мың гектардай егіс аумағы бар екен. Болашақта трактор алуды жоспарлап отыр. Оған қажетті қаражатты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалынан несиеге алмақ. Қазіргі уақытта құжаттарды рәсімдеп жатыр.

Жалпы, өңіріміздегі қордың қызметіне жүгінетіндер артып келеді. Бүгінде оның несие портфелі 1 млрд теңгеден асып отыр. Белсенді қарыз алушылардың саны – 800. Қор 5 бағдарлама бойынша несие береді. Кең тарағандардың бірі  – «Сыбаға» бағдарламасы.

 

Айдар Түлеев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚОФ бас несие менеджері:

– «2011-2012 жылдр аралығында 131 шаруашылыққа 861 млн 265 мың теңгенің несиесі берілді. Бұл қаражатқа 4475 бас аналық пен 198 бас аталық ірі қара сатып алынды. Ал 2012 жылы 98 шаруа қожалығы біздің қызметімізге жүгінді. Қарыз сомасы – 654 млн 615 мың теңге. 3219 бас аналық пен 166 бас асыл тұқымды аталық сатып алынды.

 

Бүгінге дейін қордың облыстық филиалына жалпы сомасы 220 млн 100 мың теңгені құрайтын 33 өтініш   түсті. Олардың барлығы қолдауға ие болды.

 

Айдана Демесінова