Білім

Түлектер «Соңғы қоңырау» мерекесіне әзірленуде

 

Еліміздегі мыңдаған мектеп бітірушілер сияқты Анель Абдрахманова үшін де ертең қайталанбайтын ерекше күн. 11 жыл бойы мектеп қабырғасында өткізген ең бір қызықты әрі балғын шақтар қай түлек үшін де қимастыққа толы дейді ол. Барлық мектеп түлектері бұл күні ақ фартук киіп, бастарына бант тағып шығады. Ал, қазақ-түрік лицейінің бір өзгешелігі, оқушылар салтанатты күні үстеріне мантия киеді екен.

 

Анель Абдрахманова, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының оқушысы:

– 25 мамыр әрбір мектеп бітіретін түлек үшін маңызды күн. Лицейге келгеніме бес жыл болды. Осы бес жыл ішінде көптеген жетістіктерге жетіп үлгердім. Соның ішінде екі мәрте республикалық деңгейдегі олимпиадада жеңімпаз атандым. Болашағымды экономика саласымен байланыстырғым келеді.

 

Оқу ордасының түлектері қазір алда тұрған сынақтарға қызу дайындалуда. Биыл білім ошағынан 39 оқушы түлеп ұшқалы отыр. Оның ішінде 20-сы түрлі республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысына қатысып, қазір ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан босатылған.

 

Мерей Ташкенбаев, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты директорының бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– 19 оқушымыз биыл ҰБТ-ға кіреді. 9-ы «Алтын белгіге» үміткер және 6-уы ерекше аттестатқа үміткер. Лицейімізде 20 мұғалім сабақ береді. Биылғы үміткерлеріміз әлемдегі ең жақсы жоғары оқу орындарына тапсырамыз деп үміттенеді.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алдын ала сынақтарында лицей оқушылары орташа есеппен 107-110 ұпай көрсетіп жүр. Оқушылар биылғы мемлекеттік емтиханды да ойдағыдай тапсыратындарына сенімді.

 

Әспет Әбдірешова