Денсаулық сақтау

Кішкентай пациенттерді оңалту

 

Дені сау ұрпақ – болашақтың тірегі. Қалалық балалар емханасының дәрігерлері күніне 120 бүлдіршінді қабылдайды. Бүгін мұнда 7 жастағы Маша Чернавина да келіпті. Ол қазір тыныштандыратын сенсорлық бөлмеде ем қабылдауда. 4 жыл бойы ем алып жүрген Машаның денсаулығы қазір әлдеқайда тәуірленіп қалды дейді анасы Татьяна Чернавина.

 

Татьяна Чернавина, Машаның анасы:

– Қызымды әр 6 ай сайын осында әкеліп, емдетіп тұрамын. Нәтиже де бар. Мұрнын жылытып, ингаляция арқылы тыныстап, оттегі коктейлін де ішеміз. Осы ем-домның арқасында қызым қазір жиі ауыратынын қойды.

 

Сондай-ақ, бүлдіршіндер сылау курсынан өтіп, дене жаттығуларын жасайды. Бұның бәрі балаларды оңалтуға арналған. Яғни, осы емханаға келген сәбилердің барлығы педиатрдың нұсқауымен шипа алуда.

 

Галина Быковская, қалалық балалар емханасы оңалту бөлімінің меңгерушісі:

– Жаз мезгілінде біздің көмегімізге жүгінетін сәбилердің қатары арта түседі. Олар күндізгі немесе түнгі стационарда ем-дом қабылдайды. Әр бір келген балаға оңалту курстарын тағайындаймыз. Мәселен массаждың түр-түрі. Ол арнайы аппараттың көмегімен немесе қолмен жасалынады.

 

Айта кету керек, мұнда жақында сылап-сипау мен терапияға арналған 4 жаңа аппарат сатып алыныпты. Заманауи құрылғылар емдеу сапасын жоғарылатуға септігін тигізеді дейді дәрігерлер.

 

Гүлбану Ахметова