Билік

Жиырмадан астам кәсіпорында еңбекақы қарызы қордаланып қалған

 

Мамырдың 17-ндегі мәліметке қарағанда өңірдегі 23 кәсіпорында еңбекақы бойынша қарыз көлемі 105,2 млн теңгеге жеткен. Әсіресе, Тайынша, Аққайың және Ақжар аудандарында бұл жағдай сын көтермейді.

 

Жанахмет Тащығұлов, СҚО әлеуметтік қорғау және бақылау жөніндегі департаментінің бастығы:

-Қызметі тоқтатылған 6 кәсіпорынның борышы 41,8 млн теңгені құрады. «Бескөл тұқым өсіру станциясы» серіктестігінің 4,4 млн теңге қарызы бар. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды. Жергілікті халықаралық әуежайдағы берешек 9,5 млн тг, «Виктория» серіктестігінің борышы 12,2 млн теңгеге жетті. Қалған 13 кәсіпорын да бақылауға алынды.

 

Облыс прокурорының айтуынша, кәсіпорын басшылары жұмысшылар алдындағы қарызды жасыруға тырысады екен.

 

Степан Зайтлер , СҚО прокуроры:

-Шаруашылық жетекшілері борышын жасырады. Жұмысшылар да шындықты айтпайды, өткені, олар басшыларынан сескенеді. Қызметкерлер жұмыстан шыға бастағанда ғана былығы ашылады.

 

«Баско» серіктестігі – қарызға белшесіне батқандардың қатарында. Серіктестік жетекшісі маусымның біріне дейін бұл шаруаны тындырамыз деп отыр.

 

Юрий Красноголовый, «Баско» ЖШС ауыл шаруашылығы департаментінің бастығы:

-Бүгінде жұмысшыларға 26 млн теңге көлемінде жалақы төленді. Тағы 6 млн теңге қалды. Маусымның біріне дейін ол берешектен де құтыламыз. Егін егу науқанының басталуы жағдайды қиындатып жіберді. Бар қаражат соған жұмсалып жатыр.

 

Өңір жетекшісі еңбекақы төлеу мәселесін басты орынға қою керектігін тілге тиек етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Ескерту алғаннан кейін қолдағы қаражат жалақыны төлеуге бағытталуы тиіс. Егін егу науқанының басталуы оған әсер етпеуі керек.

 

Олқылықты жою үшін шаруашылыққа 1 апта уақыт берілді.

«Артари» ЖШС-де 220 адам жұмыс істейді. Олар да дәл осындай проблемаға тап болды. Басшылық прокуратура тарапынан ескерту жасалғанда ғана мәселенің түйінін тарқатуға кіріскен.

 

Федор Дмитриенко, «Артари» ЖШС директорының міндетін атқарушы:

-Жұмысшылар алдындағы қарыз 2,5 млн теңгені құрады. 2 млн теңгені төледік, жарты млн-ы қалды. Маусымның біріне дейін жалақыны толық төлейміз. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайды.

 

Тайынша ауданындағы «Донецкое» серіктестігі де қызметкерлеріне айлықты төлемей келген. Осылайша, берешек өсіп, 21 млн 910 мың теңгеге жетіпті.

 

Виктор Нишилевский, «Донецкое» ЖШС директоры:

-Бүгінде қарыздың көлемі 7 млн теңгеге дейін қысқарды. Алдағы уақытта 33 бас ірі қараны сатып, бұл борышты да толық өтейміз.

 

Мұнда соңғы кездері еңбекақының орнына жұмысшыларға бұзау берілген көрінеді. Бұл – заңға қайшы әрекет.

 

Степан Зайтлер , СҚО прокуроры:

-Жұмысшылар неге бұзау сұрайды? Олар сіздердің жалақы төлейтіндеріңізге сенбейді. Сондықтан амалсыздан осыған көнеді. Сіздер оны пайдаланып, бәлкім, қымбат бағаға сатып жатқан шығарсыздар. Заң бойынша айлықты ақшалай беру міндет.

 

«Транс Авто» серіктестігінің жағдайы да мәз емес. Оның құрамындағы барлық кәсіпорын қарызға батқан. Бас директор бұған өнімнің ойдағыдай шықпауы себеп дейді

 

Леонид Кибалюк, «Транс Авто» ҚБ  ЖШС бас директоры :

-Шаруашылықтар мол өнім алмай, осындай жағдайға тап болды. Алайда, берешек сомасы біртіндеп азайып жатыр. Бізді қаржыландыратын инвесторлармен сөйлестік. Олар қол ұшын беруге уәде етті.

 

Өңір жетекшісі серіктестік директорынан жалақыны неге соңғы орынға сырғытқанын сұрады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бүгінде сіздерде тұқым, жанар-жағармай бар. Оны сатып алдыңыздар. Сәйкесінше қаражаттарыңыз бар. Алайда, жұмысшыларға айлықты беруге асықпайсыздар. Сіздер беретін жалақының аз екенін айтпай-ақ қояйын. Аз ақшаны да төлей алмай отырсыздар. Неге заңсыз әрекеттерге жол бересіздер.

 

Өңір жетекшісі мәселені тез арада шешуді талап етті.

«Победа Тайынша» серіктестігінің қызметкерлері де соңғы айлардың жалақысын көрмеген.

 

Есімбек Құдабаев, «Победа Тайынша» ЖШС директоры:

-Егін еккен болатынбыз. Барлық өнім күйіп қалды. Сол себепті қарызға тап болдық. Алайда алдағы уақытта борыштан құтыламыз.

 

Шаруашылық өткен жылы 50 млн теңге көлемінде несие алған екен. Бүгінге дейін оның жартысын ғана қайтарған. Облыс әкімі алдағы уақытта қызметкерлері алдында берешегі бар кәсіпорындарға субсидия бермеу керектігін айтты. «Петропавл қаласының халықаралық аэропорты» АҚ жайы да көңіл көншітпейді.

 

Виктор Шевелев,  «Петропавл қаласының халықаралық аэропорты» АҚ президенті:

-Мамырдың 8-і акцияның 100 пайызын Қазақстан Темір жолының логистикалық орталығының басшылығына ауыстыру жөніндегі келісім-шартқа қол қойдық. Қазір құжаттарды рәсімдеп жатырмыз. Олар кәсіпорындардың жағдайымен танысып жатыр.

 

Жиын соңында аймақ басшысы аудан әкімдері мен тиісті ведомстволар басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Аудан әкімдеріне борыштың өтелуі үшін тиісті шараларды қолға алуды тапсырамын. Қарызы бар өзге кәсіпорындарды да анықтау қажет. СҚО әлеуметтік қорғау және бақылау департаменті жиі мониторинг өткізіп, жағдайды бақылауға алсын. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жасаңыздар.

 

Кәсіпорындардың жұмысшыларына жалақыны уақытылы төлеуі алдағы уақытта қатаң бақылауда болмақ.

 

Айдана Демесінова